Алматыдағы ескі үйлер: Баспанаңыз сүрілетінін қалай білуге болады?
Алматыда тұрғын үй қорын жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Қаладағы ондаған жыл бұрын салынған, тозығы жеткен ғимараттардың орнына жаңа үйлер тұрғызу жоспарланған. Жалпы реновация бағдарламасы бойынша 2030 жылға дейін 676 үйді бұзып, шамамен 7500 меншік иесін жаңа баспанаға көшіру көзделген. BAQ.KZ тілшісі қай үйлердің сүрілуі мүмкін екенін және тұрғындар бұл туралы ақпаратты қайдан алуға болатынын анықтады.
Алматыда ескі тұрғын үйлер мәселесі әлі де өзекті. Әсіресе өткен ғасырда салынған кейбір екі қабатты ғимараттардың техникалық жағдайы нашарлаған. Мұндай үйлердің барлығын жөндеу арқылы қалпына келтіру мүмкін емес. Сондықтан қалада тұрғын үй қорын жаңартудың арнайы бағдарламасы қолға алынған.
Реновация бағдарламасы 2024 жылы бекітіліп, оны 2030 жылға дейін жүзеге асыру жоспарланған. Жоба аясында жарамсыз тұрғын үйлердің орнына жаңа ғимараттар салу қарастырылған.
Қандай үйлер реновацияға ілігеді?
Бағдарлама аясында негізінен 1930-1980 жылдар аралығында салынған ескі екі қабатты үйлер қарастырылады. Олардың арасында қаңқалы-қамысты құрылыс әдісімен тұрғызылған ғимараттар да бар.
Дегенмен үйдің салынған жылы мен сыртқы жағдайы оның сүрілуіне бірден негіз болмайды. Нысанды іріктегенде ғимараттың техникалық жай-күйімен бірге, орналасқан аумақтың даму жоспары да ескеріледі.
Атап айтқанда, реновация тізіміне көшелерді кеңейту немесе инженерлік инфрақұрылым жүргізу жоспарланған аумақтағы үйлер, мектеп, аурухана, спорт кешені сияқты әлеуметтік нысандар салынатын жерлердегі ғимараттар енгізілуі мүмкін.
Сондай-ақ кешенді құрылыс жұмыстары жүргізілетін аумақтар мен тектоникалық жарылым аймақтарында орналасқан үйлер де назарға алынған.
Сондықтан тұрғындарға өз үйінің бағдарламаға кіретін-кірмейтінін алдын ала тексерген жөн.
Үйдің сүрілетінін қалай анықтауға болады?
Алматы тұрғындары арнайы электронды карта арқылы үйінің реновация бағдарламасына енгізілгенін тексере алады.
Ол үшін map.spkalmaty.kz сайтына кіріп, жеке деректерін көрсетіп тіркелуі қажет. Тіркелу кезінде аты-жөні, ЖСН, телефон нөмірі және электрондық пошта мекенжайы сұралады.
Одан кейін іздеу жолағына үйдің мекенжайын енгізіп, іздеу батырмасын басу керек. Егер ғимарат бағдарлама базасында болса, экранда оның орналасқан ауданы, салынған жылы, қабат саны және санаты туралы ақпарат шығады.
Бір маңызды жайт бар: бұл карта тек реновация бағдарламасы бойынша сүрілуі жоспарланған ғимараттарды көрсетеді. Ал мемлекеттік қажеттілікке байланысты жер телімі сатып алынып, бұзылатын үйлер туралы мәлімет мұнда жарияланбайды.
Реновацияға қатысты қосымша ақпарат алу үшін +7 727 225 18 95 нөміріне хабарласуға болады. Мамандар жұмыс күндері сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін жауап береді.
Егер үй ресми тізімге енгізіліп, тұрғындарды көшіру тәртібі қызықтырса, Almaty Renovation компаниясының қоныс аудару департаментіне +7 727 356 02 29 нөмірі арқылы жүгінуге болады.
Бұдан бөлек, нысандар туралы ақпарат spkalmaty.kz сайтында да жарияланған. Ондағы картада ғимараттар санатына қарай түспен ажыратылған. Мысалы жасыл түс - инвестиция тартуға қолайлы нысандар. Қызыл түс - көше бойындағы қызыл сызыққа түскен ғимараттар;
Көк түс - білім беру мекемелерін салуға қатысты нысандар, ал қызғылт сары түс - жеке орналасқан ғимараттар.
Картадағы белгішені басу арқылы үйдің қай ауданда орналасқанын, қашан салынғанын, неше қабаты мен пәтері бар екенін білуге болады. Алайда сайттағы мекенжайды іздеу қызметі уақытша қолжетімсіз. Сондықтан әзірге нақты мекенжайды бірінші картадан тексерген дұрыс.
Қанша үй бұзылып, қанша отбасы жаңа баспана алған?
Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы «Алматы» ұсынған мәліметке сәйкес, бағдарлама басталғалы бері 94 ескі ғимарат сүріліп, олардың орнына 33 жаңа үй салынған. Осы жұмыстар нәтижесінде 2184 отбасы жаңа пәтерге ие болған.
Алдағы жылдары тағы 676 үйді бұзып, шамамен 7500 меншік иесін көшіру жоспарланған. Бірақ барлық нысан белгіленген уақытта сүріле бермеуі мүмкін.
Мәселен, 2026 жылға жоспарланған кейбір үйлердің бұзылу мерзімі 2027-2029 жылдарға шегерілген. Бұған тұрғындарды орналастыруға арналған бос пәтерлердің кейбір аудандарда жеткіліксіз болуы себеп болған.
Қаладағы ескі тұрғын үй қорының ауқымы бұған дейінгі деректерден де байқалады. 2012 жылы Алматыда бір және екі қабатты 1547 көппәтерлі үй апатты жағдайға жақын деп танылған. Сол уақыттан бері қалалық бағдарламалар аясында 1629 пәтері бар 181 ғимарат бұзылған.
Соған қарамастан, 1366 үй әлі де апатты жағдай алдындағы күйде қалған. Бұл ғимараттарда 43 мыңнан астам адам тұрған.
Ескі үйлердің басым бөлігі Түрксіб ауданында шоғырланған. Мұнда 586 ғимарат есепке алынған. Бостандық ауданында 246, Жетісу ауданында 134 үй бар.
Реновация бағдарламасы қаладағы ескі тұрғын үй қорын біртіндеп жаңартуға бағытталған. Ал тұрғындар үшін ең маңыздысы - үйінің ресми тізімде бар-жоғын тексеріп, қоныс аудару шарттары мен мерзімі туралы нақты ақпарат алу.