Коронавирус: Алматыдағы науқастың жағдайы орташа ауыр

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Науқастардың жағдайына келер болсақ, бір адамда өкпесінің созылмалы обструктивті ауруының болуына байланысты орта ауыр дәрежеде. Ал қалғандары қанағаттанарлық жағдайда. 

Бұл туралы Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқарма басшысы Тілеухан Әбілдаев онлайн-брифинг кезінде айтты. 

Брифинг барысында ол Алматыдағы бүгін тағы бір адамнан коронавирус инфекциясы анықталғанын айтты. Ол 12 наурыз күні Краснодар - Мәскеу - Алматы рейсімен ұшып келген. 

Бұл ел ешқандай санатқа кірмейтіндіктен науқас карантинге алынған жоқ. Ол адам бұған дейін Мәскеу - Алматы рейсімен ұшып келген науқас адаммен байланыста болған. Осы адаммен байланыста болғандарды іздеу нәтижелері бойынша бұл науқас табылды. 17 наурыз күні ол карантинге алынып, оған талдаулар жасалды. 19 наурыз күні оң нәтижемен жұқпалы аурулар емханасына ауыстырылды, - деді Тілеухан Әбілдаев. 
Оның айтуынша, қазіргі уақытта қалалық клиникалық жұқпалы аурулар емханасында коронавирус жұқтырған 16 науқас, Балалар жұқпалы аурулар емханасында 2 бала және бір баланың анасы жатыр. 
Қазір клиникалық карантинде 608, үй карантинінде 730 адам бар. Олардың дене ыстығы жоқ, жағдайлары қалыпты, - деді ол. 
Сондай-ақ, ол Алматы қаласының медицина мекемелерінде жасанды демалдыру аппараты жеткілікті мөлшерде бар екенін жеткізді.

Бұған дейін Алматыда коронавирус жұқтырған тағы бар азаматтың анықталғаны хабарланған болатын. Сөйтіп Қазақстанда ауруға шалдыққандар саны - 37-ге жетті.

Сонымен қатар, аталмыш мегаполистегі тұрғын үйлердің бірі коронавирус ошағына айналғаны белгілі болды.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы