Алматыдағы "барахолкада" өрт шықты
Алматыда бүгін таңертең атақты базар "барахолка" аумағында өрт болып, жалпы ауданы 70 шаршы метрді құрады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
ТЖД мәліметінше, өртті жарты сағат ішінде сөндіру мүмкін болды.
Қызыл жалын "Үш-Қоныр" базарында, Солтүстік сақина көшесі, 122 мекенжайында шыққан. 112 пультіне өрт туралы хабар 11 тамызда сағат 07:34-те түскен.
ТЖД күштері оқиға орнына келгенде асхана өртеніп, жалын екі 20 тонналық контейнерге тарағаны анықталды. Өрттің жалпы ауданы – 70 шаршы метр. Үйлесімді іс-қимылдың арқасында өрт сағат 08:03-те толық сөндірілді, - деп хабарлады Алматы қаласы ТЖД.
Өртті сөндіру кезінде дрондар қолданылып, олардың көмегімен өрттің таралу ошақтары мен жоғары температура аймақтары анықталды.
Қабылданған шаралардың арқасында жалынның әрі қарай таралуына жол берілмеді және кәсіпкерлердің мүлкі аман қалды. Сондай-ақ сыйымдылығы 25 литрлік екі газ баллоны эвакуацияланып, оларды салқындату ұйымдастырылды. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің себебі анықталуда, - деді құтқарушылар.
Өртті сөндіруге 51 адамдық жеке құрам мен 13 техника жұмылдырылды.
Бұған дейін бүгін, 11 тамызда түнде Өзбекстан астанасында болған ірі өрт салдарынан "Уч Кахрамон" базары толығымен жанып кеткенін хабарлаған едік.