Алматыдағы автобус апаты: Сотталушы кәмелетке толмаған 3 баласы барын ескеруді сұрады

Алматыда үш адамның өмірін қиған автобус апатына қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысын тікелей эфирден көруге болады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Сотталушы Дархан Ахметжанов жүргізуші автобусты тоқтатып, жол-көлік оқиғасын болдырмауына мүмкіндігі болғанын атап өтті.

Бұл қылмысты жасау себебі - жүргізуші Шөкебаева мені көпшіліктің алдында қорлап, ар-намысыма тиетін сөздер айтып, қоғамдық көліктің есігін ашпай, мені екі аялдамада түсірмеуі болды. Ал 351-баптың 3-бөлігі бойынша кінәмді мойындамаймын. Жүргізуші Шөкебаева менің соққымнан талып қалған жоқ. Сол себептен оның басқаруындағы автобусты тоқтатып, жол-көлік оқиғасын болдырмай, адамдарды басып кетпеуіне мүмкіндігі болды, – дейді Ахметжанов.

Сотталушы сотта өзінің бұзақылық бабы бойынша кінәсін мойындайтынын және кәмелетке толмаған 3 баласының бар екенңн ескеруді өтінді. Сондай-ақ ҚК 293-бабының 1-бөлігінде көрсетілген қылмыс жасауына байланысты бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады.

Құрметті сот, менің кәмелетке толмаған үш баламның барын және қылмыстық жауапкершілікке бұрын тартылмағанымды ескеріп маған ҚК 293-бабының, 1-бөлігінде көрсетілген қылмыс жасауыма байланысты бас бостандығымнан айырмайтын жаза тағайындауды сұраймын. Ал ҚК 351-бабының 3-бөлігінде көрсетіліп, маған тағылған айып бойынша мені кінәсіз деп танып, ақтауыңызды сұраймын. Барлық жәбірленушіден адами тұрғыдан, шынайы кешірім сұраймын, – дейді сотталушы Дархан Ахметжанов.

Еске салсақ, бүгін сотталушының анасы да сотта сөз сөйлеп, автобус апатынын зардап шеккен жәбірленуші материалдық шығынды автопарк көтеруі қажет екенін айтқан болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы