Алматыдағы атыс: Қаза болған бесінші адам туралы жаңа деректер шықты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қалалық Полиция департаментінің басшысы хабарлады. Оның айтуынша, үйдің жаңа иесінен басқа, қайтыс болған адамның бірі оның танысы болған.
Сондай-ақ үй маңындағы қоршау әлі шешілмеген көрінеді. Полиция департаменті оқиға орнында тексеріс жүргізіліп жатқанын алға тартты.
Тәркіленген қару күдіктіге тиесілі. Соның атына тіркелген. Неше рет оқ атылғаны туралы әлі зерттелуде. Учаскелік полицейде табельдік қару-жарақ болған. Оны неге қолданбағаны туралы мәліметтер әлі анықталып жатыр, - деп атап өтті Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов.
Еске сала кетейік, 20 қыркүйек күні сағат 17:00 шамасында Алатау ауданындағы Ақбұлақ шағын ауданындағы шағын үйлердің бірінде сот қаулысын орындау кезінде сол үйдің тұрғыны - 1967 жылы туған азамат қарсылық танытып, сот орындаушылары, учаскелік полиция инспекторы, ТЖД қызметкерлеріне оқ жаудырған болатын. Салдарынан 5 адам қайтыс болды.
Күдікті бұрын істі болмаған. Оқиға болған жердегі үйдің ішінде отбасы болған. Үшеуі кәмелетке толмаған балалар. Үйде 7 адам болған, - деді Полиция департаментінің басшысы.
Бұған дейін Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қаза болған полиция қызметкерлерінің үйіне барып, отбасыларына көңіл айтқаны туралы жазған болатынбыз.