Алматыда жылжыма түскен орында авариялық-құтқару жұмыстары жалғасуда

Суық сумен жабдықтау құбырының жарылуы салдарынан топырақ ылғалданып, кейін көлемі 3200 текше метр болатын жылжыма түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.

Екі жеке тұрғын үйге, оның ішінде біреуіне ішінара зақым келген.

Алдын ала ақпаратқа сәйкес, үйлерде төрт адам, оның ішінде екі бала болған.

Оқиға орнында «Қазселденқорғау» ММ, Алматы қаласының «109 құтқару қызметі» ММ, Республикалық жедел-құтқару жасағынан, Алматы қаласы ТЖД, ТЖМ 28237әскери бөлімінен, жедел медициналық көмек бригадасынан, Медеу ауданының әкімдігінен 160-тан астам адам және 30 бірлік техника жұмылдырылды.

Жақын маңдағы үйлердің тұрғындары эвакуацияланды. Олар № 47 мектепке орналастырылды. Оларға түнеу орны, жылы шай және басқа да қажетті көмек көрсетілді. Жиналу пунктіне орналастырылғаннан кейін бірнеше сағат өткен соң, тұрғындар өз еркімен достары мен туыстарына кетті.

Дәрігерлер бригадасы кезекшілікті жалғастыруда. Оқиға орнында ТЖД психологиялық тобы жұмыс істеп жатыр. Ықтимал зардап шеккендерді іздеу жалғасуда. Үйлердің жақын орналасуы, техниканы пайдалану мүмкіндігінің болмауы жұмыстарды қиындатуда.

Еске сала кетейік, бұған дейін ТЖМ 8 ақпанда сағат 02-20-да Медеу ауданында Тау-Самал шағын ауданында алдын-ала ақпарат бойынша техногендік сипаттағы топырақтың батпақтануына байланысты жылжыманың түскені туралы айтқан болатын. Сондай-ақ қар көшкіні қаупі барын ескертті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Төтенше жағдайлар министрлігі
Өзгелердің жаңалығы