Алматыда жаңа медианың ерекшеліктері айтылды

Алматыдағы NEW MEDIA FORUM аясында жаңа медианың дәстүрлі медиадан басымдылығы айтылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі. 

Бұқаралық ақпарат құралдарын екі негізгі санатқа бөлуге болады: дәстүрлі бұқаралық құралдары және жаңа медиа. Жаңа медиа қазіргі заманғы компьютерлік технологиялармен жылдам дамып келе жатқан коммуникациялық технологиялармен жабдықталған кибер мәдениеті болып табылады. 

Статистикалық деректерден жыл сайын телеарналардың көрермендерінің пайыздық үлесі төмендеп келе жатқанын көріп отырмыз. Сол себепті елімізде You Tube платформасына көбірек көңіл бөлініп жатыр. Мемлекеттік, кәсіпкерлік, ірі корпорациялардың атынан да қолдау білдіруде. Сондықтан да подкаст, сұхбат, аналитикалық бағдарламалар, сериал түсіретін You Tube жеке арналары көбейді. Мен өзім саяси қоғамдық контент түсіремін. Менің ойымша, бұл саланың болашағы бар. Себебі жарнамалық интеграциялар қазақтілді контенттегілерге де келіп жатыр. Әлеуметтік желілердегі платформалар да еркін, тәуелсіз контенттерді ауқымды түрде жасауға болады. Сондай-ақ балалар контентін де дамытуға мүмкіндік бар. Қазақ тіліндегі мультфильмдер мен бейнероликтерді түсіруге болады, - дейді журналист, «Abay Live», «Qasqa Jol» YouTube арналарының авторы Абай Сейфулла.

«Сұрауы бар» YouTube арнасының авторы Ербол Сейілханның айтуынша, ғаламтор ақпарат ағынының тиегін ағытты, әлемдік ақпараттық кеңістікті қалыптастырып, шеңберін кеңейтті, журналистиканың тың саласы – жаңа медианы жасады.

Қазір Қазақстанда жаңа медиа қарқынды дамып келе жатыр. Дәстүрлі медиа да өзінің жұмысын атқарып жатыр. 30 жыл бойы халық дәстүрлі медиадан көз ашпады. Әлеуметтік желілер пайда болғаннан кейін халық альтернативті жаңалық оқуға, басқа форматтағы материалдарды көруге мүмкіндік алды. Жаңа медиа Қазақстанда азаматтық журналистиканың қалыптасуына әсер етті. Жаңа медиа арқылы адамдар дәстүрлі медиа көрсете бермейтін, көбісінің тісі батпайтын тақырыптарды көтере бастады. Әлеуметтік желі арқылы адамдар ауданда су жоқ, жол жоқ деп бейнероликтерді жолдап отырады. Жаңа медиа халыққа етене жақынырақ бола түскендей. Дегенмен жаңа медиа да журналистік этикиканы сақтап келеді. Себебі жаңа медиадағы адамдардың көпшілігі – дәстүрлі медиадан шыққан адамдар, – дейді Сейілхан. 

Еске сала кетейік, форум аясында «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңның маңыздылығы айтылған еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы