Алматыда вандалдар зиратты қиратып кеткен
Алматылық тұрғын вандалдар оның ағасының бейітін қиратып кеткенін мәлімдеді
Алматыда вандалдар зиратты қиратып кеткен. Бұл туралы алматылық тұрғын мәлімдеді.
Әлеуметтік желіде оқиғаның видеосы да пайда болды.
Оқиға қайда болған?
Алматылық Аурика Мизина есімді тұрғынның сөзінше, оқиға Боралдайдағы “Батыс” атаусыз зиратында болған. Ол ағасының қабіріне барған уақытта көптеген зират қирап тұрғанын, кейбірінің кресті алынып, қоршаулар ғана қалғанын анықтаған.
Зират ішінде жүріп, шамамен бір метр тереңдікте қазылған орға тап болдым. Оның ішінде нөмірі бар, бірақ кімге тиесілі екені белгісіз кресттер мен ағаш белгілер үйіліп жатыр екен. Сол жерден ағамның да суреті бар крестін таптым, бірақ жазуы жоқ. Көргенімнен қатты шошыдым, - дейді Аурика.
Ол зират әкімшілігіне барып, жағдайды түсіндіріп, қабірді таба алмай жүргенін айтқан.
Бірақ олар маған жымиып қана, бұл үшін жауап бермейтінін айтты және қабірді табуға көмектесуден бас тартты. Тек полицияға жүгінгеннен кейін ғана әкімшілік крестті қалпына келтіруді және тақтайшаларды ауыстыруды өз міндетіне алды. Адамдар атаусыз жерленгендер жатқан зиратта не болып жатқанын білсін. Барлық нөмірлері бар белгілер жұлынып тасталса, енді адамдар өз жақындарының қабірін қалай табады?, - дейді алматылық тұрғын.
Полиция жауабы
Қалалық полиция департаменті бұл деректі BAQ.KZ тілшісіне растап, қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Алматы қаласындағы зираттардың бірінің аумағында қабір үсті құрылыстарының бүліну фактісі бойынша Алатау аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады, - делінген полиция жауабында.
Қазіргі уақытта бұл жағдайға қатысы бар тұлғаларды анықтауға бағытталған қажетті тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. ПД өкілдері тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының бақылауында екенін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Атырау облысында зираттан аңшы мылтығы мен оқ-дәрі табылды.