Бүгiн 2026, 15:10 Фото: видеодан алынған кадр

Құрылыс компаниясы 60 млн теңге қарыз: Алматыдағы бірнеше тұрғын үй кешенінде дау шықты

Алматыда тұрғындар басты көшенің бірін жауып тастады.

Алматыдағы "Qazaqstroy" компаниясы салған тұрғын үй кешендерінің тұрғындары Төле би көшесін жауып, наразылық акциясына шықты. Бұл туралы алматылық Гүлден Тенизова Threads-те жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, тұрғындардың мұндай қадамға баруына электр энергиясының тұрақты түрде өшуі мен құрылыс компаниясының көпмиллиондық қарызы себеп болған.

Төзім таусылды. "Qazaqstroy" салған тұрғын үй кешендерінің тұрғындары жарықтың жиі өшуіне байланысты Төле би көшесін жапты. Адамдар бірнеше айдан бері бір мәселемен бетпе-бет келіп отырғанын, бірақ әлі күнге дейін нақты шешім қабылданбағанын айтып отыр, - деп жазды Тенизова.

Тұрғындардың сөзінше, олар тұрақты жарықсыз өмір сүруден шаршаған. Пәтерлерде электр қуаты жиі сөніп қалады, соның салдарынан тоңазытқыштағы азық-түлік бұзылады, жұмыс істеуге, оқуға және күнделікті тұрмыстық шаруаларды атқаруға мүмкіндік болмайды.

Адамдар бұл мәселені өз күштерімен шешуден де шаршады. Сондықтан бүгін көшеге шығып, жанайқайын естіртуді жөн көрді, - дейді тұрғындар.

Наразылыққа шыққандар "Энергосбыттан" ресми жауап беруді және мемлекеттік органдардың араласуын талап етіп отыр. Тенизованың жазуынша, тұрғындар құрылыс компаниясының қарызына байланысты туындаған жағдайдың қашан шешілетінін білгісі келеді.

Тұрғындар мемлекеттік органдардың реакциясын және "Энергосбыттың" ресми жауабын күтіп отыр. Олар бұл мәселенің нақты қашан шешілетінін сұрайды, - деп жазды ол.

Тұрғындардың айтуынша, олар ұзақ уақыттан бері белгісіздік жағдайында өмір сүріп келеді және мәселенің тез арада шешілуін талап етеді.

Біз бұл жағдайға қатысты "Алатау жарық компаниясынан" пікір білдіруін сұрадық. Компания 22 маусымдағы жағдай бойынша "Qazaqstroy" компаниясының электр энергиясы үшін 60,7 млн теңгеден астам қарызы барын растады.

Соңғы төрт ай ішінде төлем жасалмай, салдарынан қарыз пайда болған.

АЖК өкілдерінің айтуынша, компания электр энергиясын өндіруші ұйымдар алдындағы міндеттемелерін уақытылы орындауға жауапты. Сондықтан төлемдердің кешіктірілуі электрмен жабдықтау жүйесінің тұрақты жұмысына қосымша қаржылық салмақ түсіреді.

Осыған байланысты электр қуатын шектеу немесе ажырату шаралары тек соңғы әрі мәжбүрлі амал ретінде қолданылыпты.

Сонымен қатар АЖК тұрғындардың қайсысы коммуналдық төлемдерді төлегені немесе төлемегені туралы ақпарат олардың қолында жоғын мәлімдеді.

Компания тұрғындардың кімнің төлем жасағанын және жиналған қаражаттың қалай бөлінетінін бақылай алмайды. Өйткені тұрғын үй ішіндегі электр желілері құрылыс компаниясының немесе басқарушы ұйымдардың - пәтер иелерінің коопреативі, мүлік иелерінің бірлестігі және басқарушы компаниялардың балансында тұр. Тұрғындарға төлем есептеу мен қаражат жинау жұмыстарын да осы ұйымдар жүзеге асырады, - делінген компания жауабында.

Алматының Энергетика басқармасы да "Qazaqstroy" компаниясының қарызы 60 749 265,44 теңге екенін атап өтті. Олардың сөзінше, қазіргі уақытта тұрғын үй кешені электр энергиясымен толық қамтамасыз етілген.

Компанияның мәліметінше, электр қуатын шектеу тек жұмыс күндері және жұмыс уақытында ғана жүзеге асырылады. Бұл берешекті реттеу мақсатында қолданылатын мәжбүрлі шара екен. 

Еске салайық, бұған дейін "Qazaqstroy" компаниясы салған "Алма сити-5" тұрғын үйінің тұрғындары да бірнеше сағат бойы жарықсыз отырған болатын. Бұл тұрғын үй кешенінің жалпы қарызы 306,2 миллион теңге болған.