21 Шілде 2026, 10:30 Фото: spkalmaty.kz

Алматыда тозығы жеткен 54 үйдің тұрғындары жаңа пәтерге көшірілді

Жыл соңына дейін тағы мыңнан аса адам жаңа үйге көшіріледі.

2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында "Алматы қаласының тұрғын үйді 2030 жылға дейін реновациялау бағдарламасы" аясында тозығы жеткен 54 үйдің 432 меншік иесі жаңа жайлы пәтерге қоныс аударды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Олардың ішінде 266 меншік иесі "Алматы Әлеуметтік кәсіпкерлер корпорациясының" еншілес ұйымы – "Almaty Renovation" ЖШС арқылы көшірілсе, тағы 166 тұрғынды инвесторлар жаңа баспанамен қамтамасыз еткен.

Жыл соңына дейін "Алматы" ӘКК, "Almaty Renovation" және инвесторлардың күшімен жаңа пәтерге көшірілген тұрғындар санын 1 165 адамға жеткізу жоспарланып отыр.

Бағдарламаға қатысушылар жаңа баспананы "бөлмеге – бөлме" қағидаты бойынша немесе ақшалай өтемақы түрінде алған. Бағдарлама аясында берілетін пәтерлер толық әрленген күйде тапсырылады. Олар интернетке қосылған, өртке қарсы дабыл жүйесі, сантехника, санитарлық-техникалық жабдықтар, сондай-ақ газ немесе электр плиталарымен жабдықталған.

Қала әкімдігінің мәліметінше, тұрғындарды көшіру және ескі үйлерді бұзу барлық меншік иелерінің келісімімен ғана жүзеге асырылады.

Сонымен қатар әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін бірінші қабаттағы немесе лифті, пандусы және кедергісіз кіру мүмкіндігі қарастырылған тұрғын үйлерден пәтер ұсынылады.

Егер меншік иелері ұсынылған нұсқалардан бас тартса, олар ескі үйлерде тұру құқығын сақтайды. Алайда мұндай жағдайда тұрғындар тозығы жеткен үйде тұруға байланысты туындауы мүмкін қауіп-қатерлерді өз мойнына алады.

Айта кетейік, "Алматы қаласының тұрғын үйді 2030 жылға дейін реновациялау бағдарламасын" қала әкімдігі әзірлеп, 2024 жылдың қараша айында Алматы қалалық мәслихаты бекіткен. Бағдарламаның әкімшісі – "Алматы" ӘКК, ал уәкілетті ұйым – "Almaty Renovation" ЖШС.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда 4 күн бойы бірнеше ауданда жарық өшірілетіні хабарланды.