Кеше 2026, 23:27 Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Алматыда сел қаупі жоқ: ТЖМ тәулік бойы бақылау жүргізуде

Өзендердің жай-күйі туралы ақпарат нақты уақыт режимінде ахуалдық орталықтарға үздіксіз жеткізіліп отырады.

Төтенше жағдайлар министрлігі Алматы қаласы аумағында мореналық көлдердің жарылуы, судың арнасынан асуы немесе сел жүру қаупі жоқ екенін мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, жағдай тұрақты бақылауда.

Қазіргі уақытта ТЖМ бөлімшелері мен азаматтық қорғау қызметтері тәулік бойы жерүсті топтары және ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы сел қаупі бар аумақтарға үздіксіз мониторинг жүргізіп келеді.

Сондай-ақ ТЖМ авиациясының әуе кемесі Ақсай, Қарғалы, Үлкен Алматы және Кіші Алматы өзендері бассейндеріндегі мореналық көлдерді аэровизуалды тексеруден өткізді. Нәтижесінде ауа температурасының жоғарылауы мен мұздықтардың еруіне байланысты көлдердің суы қарқынды толып жатқаны анықталғанымен, көлдердің жарылуы, судың арнасынан асуы немесе селдің қалыптасу қаупін білдіретін белгілер тіркелмеген.

Жағдайды тұрақты бақылау үшін сел қаупі жоғары өзен учаскелерінде, сондай-ақ ТЖМ мен Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің базасында алты жедел штаб жұмыс істеп тұр. Өзендердің жай-күйі туралы ақпарат нақты уақыт режимінде ахуалдық орталықтарға үздіксіз жеткізіліп отырады.

Алдын алу шаралары аясында Ақсай өзенінің арнасы тазартылып, шамамен 100 тонна тұрмыстық және табиғи қоқыс шығарылды. Бұл судың кедергісіз ағуын қамтамасыз етіп, арнаның бітелу қаупін азайтуға мүмкіндік берді.

ТЖМ мәліметінше, сел қаупіне қатысты мониторинг тәулік бойы жалғасады. Қажет болған жағдайда жедел әрекет ету үшін барлық күштер мен құралдар толық дайын.