Алматыда қала тұрғынын автобусқа велосипедпен кіргізбей қойған: Көлік басқармасы жауап берді
Алматы тұрғыны Медеу бағытындағы автобусқа велосипедімен кіргізбей қойғанын айтып, әлеуметтік желіде шағымданды. Оның сөзінше, жүргізуші велосипедті арнайы қапқа салу керегін талап еткен. Алайда көлік басқармасы қоғамдық көлікте велосипед тасымалдау тәртібі қолданыстағы ережелерде нақты реттелмегенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қала тұрғынының айтуынша, велосипедінің дөңгелектері таза болғанына қарамастан, автобусқа мінуіне рұқсат берілмеген. Ол велосипедтің еденге тиетін бөлігі аяқ киімнен де аз екенін алға тартып, мұндай талаптың қисындылығына күмән келтірген.
Осы логикамен автобустағы адамдардан да бахила киюді талап ету керек шығар. Медеуден велосипедпен төмен түсу кезінде жол-көлік оқиғалары мен адам өлімі көп болған. Сондықтан салауатты өмір салтын, қауіпсіздік пен туризмді дамыту үшін бұл ережені қайта қарау қажет, – деп жазды ол.
Бұл мәселеге Алматы қаласының Көлік басқармасы жауап берді. Ведомство мәліметінше, қолданыстағы қағидаларда қоғамдық көлікте велосипед тасымалдау тәртібі нақты көрсетілмеген. Дегенмен жолаушылардан велосипедтің таза болуын және автобус салонында тазалық пен тәртіпті сақтауды сұраған.
Сондай-ақ басқарма оқиға қандай автобуста болғаны анықталса, бұған қатысты тиісті шара қабылданатынын айтты.
Айта кетейік, Алматыда метро бекеттеріне велосипедпен кіруге тыйым салынған.
Тағы оқи отырыңыз: Бір вагонға сыйған қала: Алматы метросындағы таңғы қарбалас