Бағдарламалар мен идеялар бәсекесі: сарапшылар Құрылтай сайлауын талқылады
Сарапшылар төрт тақырыпты блоктарға бөліп, ашық талқылау жүргізді.
Алматы қаласында ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының ұйымдастыруымен «Партиялар бәсекесі: идеялар, бағдарламалар және сайлаушы дауысы үшін тартыс» тақырыбында сараптамалық талқылау өтті. Жиын барысында саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері мен зерттеушілер алдағы саяси науқанға қатысты маңызды мәселелерді көтеріп, пікір алмасты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Талқылау төрт негізгі блокқа бөлініп, әрқайсысында партиялардың бағдарламалары, сайлаушылардың белсенділігі және сайлаудан кейінгі саяси үдерістер жан-жақты қарастырылды.
Бірінші блокта сарапшыларға екі жағдай ұсынылды. Біріншісінде «стратегиялық мақсаттардың ұқсастығы ел дамуының негізгі бағыттары бойынша қоғамдық консенсус бар екенін көрсетеді» деген пікір айтылса, екінші тарапқа «Бағдарламалар ұқсастығы мазмұнды саяси баламалардың жеткіліксіз екенін аңғартады» деген ой ұсынылды. Сарапшылар өзі дұрыс деп таныған бағытты таңдап, өз ойларын жеткізді.
Сарапшылардың пікірінше, партиялардың стратегиялық мақсаттарының ұқсас болуы қоғамда ел дамуының негізгі бағыттары бойынша ортақ түсінік қалыптасқанын көрсетеді. Сонымен қатар бағдарламалардағы мазмұндық ұқсастық саяси баламалардың жеткіліксіз екенін де аңғартады. Яғни, көптеген партиялар бірдей мәселелерді көтергенімен, оларды шешудің нақты әрі ерекшеленетін жолдарын ұсына бермейді.
Екінші блокта сарапшылардың бір тобына «Бағдарлама, ең алдымен, халықты бүгін алаңдатып отырған ең өзекті мәселелердің шешімін ұсынуы тиіс» деген ой тасталса, екінші топқа «бағдарлама ұсынған шешімдер бірден нәтиже бермесе де ел дамуының ұзақ мерзімді моделін ұсынуы тиіс» деген пікір айтылды.
Бұл бөлімде бағдарламалардың азаматтарды бүгін толғандырып отырған өзекті мәселелерге бағытталуы керектігі айтылды. Сарапшылардың сөзінше, саяси күштер тек қысқа мерзімді уәделермен шектелмей, елдің ұзақ мерзімді даму моделін де ұсынуы қажет. Ұсынылған шешімдер бірден нәтиже бермесе де, олардың болашаққа бағытталғаны маңызды.
Үшінші блок: Дауыс беруге дайындық пен саяси сенім
Бұл бөлімде де сарапшылар екі мәселені талқылады:
Талқылау барысында қазақстандықтардың сайлауға қатысуға дайын екендігі саяси белсенділіктің артқанын көрсететіні атап өтілді.
Алайда сарапшылар дауыс беруге дайындықты мемлекеттік институттарға деген толық сенімнің белгісі деп бірден бағалауға болмайтынын айтты. Өйткені сайлауға қызығушылық пен институционалдық сенім – екі бөлек ұғым.
Төртінші блок: Сайлаудан кейінгі диалогтың маңызы
Бұл бөлімде сарапшылар сайлаудан кейін негізгі саяси пікірталас жаңа құрылтай алаңында жалғасуы тиіс немесе сайлаудан кейін де партиялар мен қоғам арасындағы ашық пікірталас үздіксіз жалғасуы тиіс деген мәселе талқыланды. Сарапшылардың басым көпшілігі екінші нұсқаға дауыс берді.
Сарапшылар сайлау аяқталғаннан кейін де партиялар мен қоғам арасындағы ашық пікірталас тоқтамауы керек деген пікір білдірді.
Олардың айтуынша, саяси дискуссияның негізгі алаңы жаңа құрамдағы құрылтай мен қоғамдық диалог платформаларына ауысуы қажет. Бұл азаматтардың пікірін ескеріп, саяси институттар мен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
Талқылауға қатысушылар саяси бәсекенің тек сайлау кезеңімен шектелмейтінін, партиялар қоғаммен тұрақты байланыс орнатқан жағдайда ғана саяси жүйенің тиімділігі арта түсетінін атап өтті.
Тағы оқи отырыңыз: Жасанды интеллект пен сайлау: Сарапшы биылғы үгіт-насихат жұмысында қандай өзгерістер байқағанын айтты