23 Қараша 2026, 13:08 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Алматыда отшашу атқандарға айыппұл салынады: 2027 жылы тыйым күшейеді

Алматыда белгіленбеген орындарда отшашу мен петарда ататын азаматтарға әкімшілік жауапкершілік бар екені ескертілді. Қалада мұндай әрекеттерге жол бергендерге айыппұл салынып қана қоймай, пиротехниканың қоршаған ортаға тигізетін зияны да түсіндіріледі. Бұл туралы «Eco Almaty» ЖШС мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 436-бабына сәйкес, пиротехникалық бұйымдарды белгіленбеген орындарда пайдаланып, азаматтардың тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті бұзғандарға 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады. Сонымен қатар пиротехникалық бұйымдар тәркіленеді. Ал құқық бұзушылық қайталанса, айыппұл көлемі 30 АЕК-ке дейін өседі.

Алайда қолданыстағы айыппұлдар атмосфералық ауаның ластануына емес, пиротехниканы пайдалану ережелерін бұзуға қатысты қолданылады. Соған қарамастан, экологтар отшашудың қоршаған ортаға әсеріне де алаңдаулы.

Мамандардың айтуынша, пиротехникалық бұйымдар жарылған кезде ауаға түтін, күйе және ұсақ бөлшектер тарайды. Әсіресе желсіз ауа райында мұндай қалдықтар атмосферада ұзақ сақталып, ауа сапасына кері әсер етуі мүмкін.

2027 жылдан бастап қосымша шектеу енгізіледі

Алматыда алдағы уақытта пиротехникалық бұйымдарды пайдалануға қатысты қосымша экологиялық шектеулер енгізу жоспарланған.

2027 жылғы 8 қаңтардан бастап Алматы қаласының Атмосфералық ауаны қорғау қағидаларындағы жаңа норма күшіне енеді. Оған сәйкес, шығарындылары төмен аймақ (LEZ) аумағында азаматтық мақсаттағы пиротехниканы қолдануға рұқсат етілмейді.

Дегенмен бұл талаптың күшіне енуі бүкіл қала аумағында отшашуға автоматты түрде тыйым салынады дегенді білдірмейді. Шектеуді іс жүзінде қолдану үшін әкімдік LEZ аймағының шекарасын белгілейтін жеке қаулы қабылдауы қажет.

Осыдан кейін белгіленген аумақта пиротехниканы пайдалану жаңа экологиялық талаптарға сәйкес реттеледі.

«Eco Almaty» ЖШС қала тұрғындарын отшашу мен петарда атудан бас тартуға, айналасындағылардың тыныштығын құрметтеуге және ауаның қосымша ластануына жол бермеуге шақырды.

Еске сала кетейік, баласының дүниеге келуін отшашумен атап өткен астаналық бес тәулікке қамалды. Түнгі отшашу тұрғындардың тыныштығын бұзған.

Сондай-ақ, Жезқазғанда отшашу атқан ойын-сауық мекемесінің әкімшісі жауапқа тартылды.