Алматыда онкологиямен ауыратындар көбейген: Төрт айда 2 мыңға жуық адам есепке алынған
Алматыда бірнеше жылдан бері онкологиялық аурулардың ішінде сүт безі қатерлі ісігі бірінші орында тұр.
Алматыда биылғы төрт айдың қорытындысы бойынша 2 мыңға жуық қатерлі ісік дерегі тіркелді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Алайда мамандар мұны аурудың күрт көбеюімен емес, диагностика сапасының артуымен байланыстырады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Алматы онкологиялық орталығы директорының орынбасары Жанна Кужаева Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлімдеді.
Бүгінде Алматы қаласы бойынша төрт айдың қорытындысымен 2 мыңға жуық қатерлі ісік анықталып, есепке қойылды. Әрине, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жоғары. Бірақ бұл тұрғындарды қорқытпауы керек. Өйткені бұл - онкологиялық орталық мамандары мен алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметкерлерінің сапалы диагностикалық жұмысының нәтижесі, – деді ол.
Маманның айтуынша, Алматыда бірнеше жылдан бері онкологиялық аурулардың ішінде сүт безі қатерлі ісігі бірінші орында тұр.
Қалада бірнеше жылдан бері құрылым бойынша ең жоғары көрсеткішті сүт безі обыры алып келеді. Бұл да ауруды бұрынғыдан көбірек әрі ерте анықтай бастағанымызбен байланысты, – деді Жанна Кужаева.
Оның сөзінше, бүгінде есепке алынған науқастардың шамамен 18 пайызында сүт безі қатерлі ісігі анықталған.
Онкологиялық орталық өкілдері соңғы жылдары емделушілер саны да айтарлықтай артқанын айтады. Жоғары анықтау көрсеткішінің арқасында ем алушылар саны бірнеше есе көбейген.
Қазіргі таңда емдеу көлемі бірнеше есе өсті. Мысалы, 2018 жылмен салыстырғанда өсім 121 пайыздан асты, – деді орталық директорының орынбасары.
Биыл Алматы онкологиялық орталығында 9 жарым мыңға жуық адам ем қабылдаған. Бұл да былтырғы көрсеткіштен жоғары.
Жанна Кужаева мұны тек есепке алынғандар санының артуымен емес, Алматыға өзге өңірлерден келетін науқастар санының көбеюімен байланыстырды.
Еске сала кетейік, Қазақстанда онкологиялық ауруларды емдейтін отандық дәрі шығарылады.