Пышақсыз әрі тіліксіз ота: Қазақстанда жаңа технология қалай жұмыс істейді?

Заманауи эндоваскулярлық әдістер дәрігерлерге күрделі операцияларды үлкен тіліксіз жасауға мүмкіндік беріп отыр.

 ҚР ПІБ МО баспасөз қызметі Бүгiн 2026, 10:37
Бүгiн 2026, 10:37
130
Фото: ҚР ПІБ МО баспасөз қызметі

Қазіргі медицинада ағзаға аз зақым келтіретін, дәлдігі жоғары емдеу тәсілдеріне сұраныс артып келеді. Соның бірі – эндоваскулярлық хирургия. Бұл әдісте дәрігерлер үлкен тілік жасамай-ақ, қан тамырлары арқылы күрделі операцияларды орындауға мүмкіндік алады.

Қазақстанда мұндай технологиялар ҚР ПІБ Медициналық орталығының ауруханасы базасында енгізіліп жатыр. Мұнда жаңа буындағы ангиографиялық технологиялардың референс-орталығы жұмыс істейді. Орталық заманауи ангиографиялық жүйемен жабдықталған.

Бүгінде ангиографиялық құрылғылар тек диагноз қоюға арналған аппарат емес. Олар операция кезінде дәрігерге нақты бағыт көрсетіп, қан тамырларының жағдайын дәл бақылауға көмектеседі. Дәстүрлі хирургиядағыдай үлкен кесу жасалмайды. Операциялар арнайы катетерлер арқылы өте кішкентай тесу әдісімен жүргізіледі.

Александр Землянскийнің айтуынша, мұндай тәсілдің басты артықшылығы – ағзаға түсетін салмақтың аз болуы.

Рентгенхирургияның негізгі ерекшелігі – науқасқа аз жарақат түседі. Көп жағдайда ашық ота қажет болмайды, наркоз да сирек қолданылады. Соның арқасында пациент тезірек қалыпқа келеді әрі асқыну қаупі төмендейді, – дейді маман.

Жүйе жоғары жылдамдықпен жұмыс істейді. Арнайы рентгенконтрастты зат енгізілгеннен кейін дәрігерлер қан тамырларының жағдайын нақты уақыт режимінде көре алады.

Қарапайым тілмен айтсақ, тамырдың ішкі құрылымы анық көрінеді. Мұндай құрылғылар қан айналымын бағалауға, тіпті ең кішкентай тарылуларды да байқауға мүмкіндік береді, – дейді Александр Землянский.

Ауруханада орнатылған жүйе жүрекке, миға және шеткі қан тамырларына жасалатын операцияларға арналған бағдарламалармен жабдықталған. Барлық процесс бірыңғай цифрлық ортада жұмыс істейді.

Орталықтағы маңызды жаңалықтардың бірі – VFFR технологиясының енгізілуі. Бұл әдіс қосымша араласусыз жүректегі қан айналымын бағалап, тамырдағы өзгерістің қаншалықты қауіпті екенін анықтауға көмектеседі.

Сонымен қатар ангиография нәтижелерін КТ және МРТ деректерімен бірге қарауға мүмкіндік бар. Дәрігерлер операция кезінде 3D-навигацияны пайдаланып, күрделі жағдайларда нақтырақ шешім қабылдай алады.

Қазір рентгенхирургия мен интервенциялық кардиология өте жылдам дамып келеді. Бұрын аса қауіпті саналған немесе мүлде жасалмаған процедураларды бүгінгі технологиялардың көмегімен орындауға мүмкіндік туып отыр, – дейді бөлімше меңгерушісі.

Мамандардың айтуынша, мұндай әдістер әсіресе егде жастағы және қатар жүретін ауыр аурулары бар пациенттер үшін маңызды. Себебі оларға дәстүрлі ашық операция жасау кей жағдайда үлкен қауіп тудыруы мүмкін.

ҚР ПІБ Медициналық орталығының ауруханасы бұл орталықты тек ем жүргізетін база ретінде ғана емес, ғылыми және білім беру алаңы ретінде де дамытып келеді. Мұнда жаңа медициналық технологияларды енгізу, қазақстандық мамандардың біліктілігін арттыру және халықаралық тәжірибені қолдану бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр.

Дәрігерлердің айтуынша, заманауи технологиялар мен тәжірибенің үйлесуі күрделі операциялардың қауіпсіздігін арттырып, пациенттердің өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Наверх