Алматы көшелері LRT құрылысына дайын ба? Қаладағы жағдайды көзбен көрдік
Құбырлар әкелініп, траншеялар қазылып, рельс төсеу басталған. Бірақ жоба бағытының кей бөлігінде құрылыс әлі басталмаған.
Биыл Алматыдағы LRT құрылысының алғашқы кезеңі басталды. Бұған дейін Бауыржан Момышұлы мен Төле би көшелеріндегі құрылыс қалай жүріп жатқанын баяндап, фоторепортаж әзірлеген болатынбыз. Бұл жолы LRT-ның тағы бір бағыты – Алматы вокзалынан басталатын жолында құрылыс басталған не басталмағанын анықтап қайттық.
Мысалы 10 қыркүйек сағат 22:00-ден 11 қыркүйек сағат 06:00-ге дейін Мақатаев пен Мәметова көшелерінің арасындағы учаскеде көлік қозғалысы толығымен жабылған.
Алайда Абылай хан даңғылының Мақатаев көшесімен қиылысқан тұсында да ешқандай құрылыстың белгілері байқалмады.
Жөндеу жүргізілетін учаскеде ескерту белгілері де жоқ.
Әлеуметтік желіде алматылықтар LRT құрылысына байланысты түрлі пікір айтады. Бірі қажет емес десе, енді бірі жолаушылар үшін пайдалы жоба деп жатады.
Жобалық шешімге сәйкес, LRT бірінші желісінің бірінші кезеңі Алатау ауданындағы индустриялық аймақта, Мөңке би және Б. Момышұлы көшелерінің маңында орналасатын деподан басталады. Одан әрі желі Б. Момышұлы көшесімен Төле биге, Төле би көшесі арқылы шығыс бағытта Абылай хан даңғылына, одан әрі «Алматы-2» теміржол вокзалына дейін жалғасады. Соңғы станция ретінде «Райымбек батыр» көлік-ауысу торабы қарастырылған.
LRT бірінші желісін 2027 жылдың соңында іске қосу жоспарланып отыр. Бұл мерзім қажетті көлемдегі жылжымалы құрамды дайындау және жеткізу кестесіне байланысты өзгеруі мүмкін.