Алматыда компаниялар бос жұмыс орны туралы мәліметті кеш енгізгені үшін жауапқа тартыла бастады
Қарапайым азаматтардан еңбек шартын заңсыз бұзу мәселесіне байланысты өтініштер көптеп түсе бастаған.
Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті басшысының міндетін атқарушының орынбасары Талғат Умбетьяров қызметкерлердің заңсыз жұмыстан шығарылуына қатысты шағымдар мен еңбек саласындағы құқық бұзушылықтар туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, департаментке еңбек шартын заңсыз бұзу мәселесіне байланысты азаматтардан өтініштер тұрақты түрде түсіп тұрады.
Иә, мұндай өтініштер келіп түседі. Кейбір жағдайларда еңбек шарты бұзылып, қызметкер біздің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің департаментіне шағымданады. Өтініш түскеннен кейін, егер оны растайтын жеткілікті негіздер мен дәлелдер болса, жоспардан тыс тексеру тіркеледі. Мемлекеттік еңбек инспекторы тексеруге шығып, еңбек шартын бұзу тәртібі мен негіздерінің сақталуын, яғни Еңбек кодексінің 52 және 53-баптарының талаптарын зерделейді және тиісті бағасын береді. Егер еңбек шартын бұзу тәртібі шынымен бұзылғаны анықталса, жұмыс берушіге заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріледі. Кейін даулы мәселелер болмаса, бұл ақпаратты түзетуге мүмкіндік бар, – деді Талғат Умбетьяров Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Сондай-ақ ол Алматыда жұмыс берушілердің Бірыңғай еңбек шарттарын есепке алу жүйесіне мәліметті уақытылы енгізбеуіне байланысты әкімшілік жауапкершілікке тартылған жағдайлар туралы айтты.
Оның айтуынша, Бірыңғай еңбек шарттарын есепке алу жүйесіне ақпаратты уақтылы және толық енгізбегені үшін жауапкершілікті көздейтін норма 2026 жылғы 12 наурыздан бастап күшіне енген.
Бүгінгі таңда бізде осындай екі жағдай тіркелді. Екі жұмыс беруші Бірыңғай еңбек шарттарын есепке алу жүйесіне ақпаратты уақытылы енгізбегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті басшысының міндетін атқарушының орынбасары.
Оқи отырыңыз: