Алматыда есірткі жарнамасы бар 60 стикер жапсырған ер адам ұсталды
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды.
Алматыда полицейлер тыйым салынған заттардың жарнамасын таратқан 40 жастағы ер адамды ұстады. Бұл туралы «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері анықтады.
Ұсталған азаматтың жанынан интернет-дүкенге сілтемесі бар есірткі жарнамасы орналастырылған 60 стикер және ұялы телефон тәркіленді.
Ер адамның айтуынша, ол бір айға жуық уақыт бойы аталған стикерлерді қала көшелеріне жапсырып, еңбекақы ретінде тыйым салынған есірткі заттарын алған.
Қазір тергеу барысында жарнамалардың нақты қай аумақтарға таратылғаны және оларды орналастыруды кім ұйымдастырғаны анықталып жатыр.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды. Тәркіленген материалдар іске тіркелді.