16 Қыркүйек 2026, 11:53 Фото: видеодан алынған кадр

Алматыда Есентай жағалауындағы арт-нысан қызу талқыға түсті

Әлеуметтік желіде Алматыдағы Есентай жағалауы бойындағы арт-нысан қызу талқыға түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.  

Аудан тұрғындары жағалауды Абай көшесі бағытына қарай бояу жұмыстарын тоқтатуды сұраған. Видео авторының айтуынша, ашық түсті ою-өрнектер жағалаудың сыртқы келбетін бұзып тұр. Сондай-ақ тұрғындар мұндай безендіру жобасы неге алдын ала халықпен талқыланбағанына наразылық білдірген.

Алайда бұл пікірмен келіспегендер де болды. 

Суретші әрі дизайнер ретінде «тым ашық» деген пікірмен келісе алмаймын. Мұндағы түстер орнымен қолданылған. Түсті қабылдау тек реңкке ғана емес, оның қанықтығына, жарықтығына, контрастына және қолданылған аумағына да байланысты. Қазіргі қалалық ортада түс тек сәндік элемент емес. Ол – кеңістіктің өзіндік келбетін қалыптастыратын, бағдар алуға көмектесетін әрі адамдардың эмоционалдық қабылдауына әсер ететін маңызды құрал, - дейді тағы бір алматылық.

Әкімдік мәліметінше, Бұқар жырау көшесінен Тимирязев көшесіне дейінгі Есентай жағалауының бойында жаңа қалалық арт-бағыт жасалады.

Кәдімгі сұр бетон қабырғалардың орнына мұнда Алматыға арналған жағалау бойына созылған көркем композиция пайда болады.

Жобаның негізіне қала туралы әннің жолдары алынған. Олар серуен бағытының бойына кезең-кезеңімен орналастырылады. Шығарма жағалау бойымен жүрген сайын біртіндеп көрініп, тұтас бір хикаяға айналады. Ал QR-код арқылы әнді тыңдап, композициядан оның мәтініндегі жолдарды тауып, арт-бағытты бойлай серуендеуге болады. 

Стрит-арт нысаны қозғалыс үстінде тамашалауға арналған. Яғни, жағалау бойымен жүрген сайын композицияның жаңа бөлігі ашылып, көркем хикая жалғаса береді.

Бетон беттерін безендіру үшін сыртқы жұмыстарға арналған кәсіби қасбет бояуы және Arton арнайы граффити бояуы пайдаланылады. Материалдарды таңдауда олардың ауа райына төзімділігі, түсін ұзақ сақтауы және жабынның беріктігі ескерілді. 

Әкімдік мәліметінше, жоба жағалауды көркейту жұмыстары сияқты демеушілік қаражат есебінен жүзеге асырылады.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыдағы Бұқар жырау көшесінен Тимирязев көшесіне дейінгі Есентай жағалауы жаңа кейіпке енетінін хабарладық. ​Сұр бетон қабырғалардың орнына қала туралы ән жолдары жазылған арт-нысан пайда болады.