Алматыда енгізілген шектеу шаралары кезінде бизнеске қандай қолдау көрсетіледі?
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл сұраққа Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Алматы қаласының кәсіпкерлік және инвестиция басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин жауап берді.
Оның айтуынша, бір аптаға енгізілген шектеу шараларынан негізінен қоғамдық тамақтану нысандарына әсерін тигізеді. Оларға тек жеткізіп беру қызметі рұқсат етілгенін естеріңізге сала кетейік.
Біздің есебімізше, бір апталық локдаун 200 мыңға жуық кәсіпкерлік нысанында жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысының азаюына әкеліп соғады. Оның 70 пайызы қоғамдық тамақтану орындарының қызметкерлері. Ал сауда орталықтарындағы тауарларға шектеу шаралары аяқталған соң сұраныс қалыпты болады, - дейді ол.
Оның айтуынша, бір апталық шектеу кезінде зардап шеккен кәсіпкерлерге көрсетілетін нақты қолдау шаралары жоқ. Дегенмен әкімдік пен рестораторлар қауымдастығы олардың жағдайын оңалту үшін бірқатар ұсынысты талқылауда. Оның ішінде былтырғыдай ресторан, кафе жанына арнайы рұқсат алмай-ақ жаздық ашық қоғамдық тамақтану орнын жасақтауға мүмкіндік беру.
Сонымен қатар басқарма басшысы өткен жылдың наурызынан бері елде қалыптасқан жағдайға орай кәсіпкерлерге мемлекеттік деңгейде көрсетілген қолдау шараларына тоқталып, олардың бірқатары, оның ішінде мемлекеттік, квазимемлекеттік нысанда орналасқан субъектілерді арендалық төлемнен босату, салықтық жеңілдіктер мен тексерулерге қатысты жарияланған мараторий әлі күнге дейін қолданылып отырғанын атап өтті.
Кәсіпкерлік нысандарының көп бөлігі Алматы қаласында шоғырланған. Жалпы соңғы кездері бұл салада динамика бар. Төтенше жағдайға дейінгі көрсеткішке жетпесек те, құрылыс, инвестиция, тіпті тауар айналымы саласында жақсы динамика байқалады, - деді ол.