Алматыда бірнеше көшедегі асфальт опырылып түсті: Жауапты мамандар жағдайды қалай түсіндірді?
Алматыда нөсер жаңбырдан кейін бірнеше жолдың бір бөлігі шөгіп, көлік қозғалысына қиындық туғызды. Оқиға орнынан түсірілген суреттерде асфальт жабынының опырылып, жол жиегінде ойық пайда болғаны көрінеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қала тұрғындары бұл жағдайдың жол қозғалысына қауіп төндіріп тұрғанын айтып, мәселені әлеуметтік желіде көтерді. Мысалы бұл жағдай қаладағы Төле би мен Розыбакиев көшесінің бойында болған. Оқиға орнында қоғамдық көлік пен жеңіл автокөліктердің қозғалысы жалғасқанымен, жүргізушілерге сақтықпен жүрген. Тұрғындар бұл жағдайдың апатқа әкелуі мүмкін екенін айтып, жолды шұғыл жөндеуді талап етті.
Алматы қаласының Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы аталған жағдайға қатысты түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта Момышұлы көшесі мен Төле би көшесінің бойында LRT жобасы аясында инженерлік желілерді көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қатты жауын-шашын салдарынан кейбір учаскелерде топырақ шөгіп, көлік қозғалысына қолайсыздық туындады. Қазір мердігер ұйым қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр, – деп хабарлады басқарма.
Қала билігі жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін жол қозғалысы толық қалпына келтірілетінін мәлімдеді.
Тағы бір жағдай Ғабдуллин мен Манас көшелері қиылысқан тұсында болған. Желіде тараған суреттен асфальт төмен қарай опырыла бастағанын көруге болады.
Алматы қаласының Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы Ғабдуллин мен Манас көшелерінің қиылысындағы жолдың шөгуіне қатысты түсініктеме берді.
Ведомствоның мәліметінше, қалпына келтіру жұмыстарын «АлТС» ЖШС жүргізеді. Алайда жөндеу жұмыстары ауа райы қолайлы болғаннан кейін басталады екен.
Ғабдуллин – Манас көшелері учаскесіндегі қалпына келтіру жұмыстарын «АлТС» ЖШС қолайлы ауа райы жағдайы орнаған соң орындайды. Жұмыстарды аяқтаудың болжамды мерзімі – осы айдың 15-іне дейін, – деп хабарлады басқарма өкілдері.
Тағы бір жағдай Алмагүл шағынауданында болған. Тұрғындардың сөзінше, бұл асфальттың төселгеніне екі апта ғана болған.
Бұл жағдайға қатысты Алматы жылу жүйелері ЖШС жауап берді. Мамандардың мәліметінше, бұл аумақта бұған дейін жылу желілеріндегі апатты жағдайды жою жұмыстары жүргізілген. Жөндеу аяқталған соң жолдың асфальт қабаты қайта төселіпті.
Алайда соңғы күндері жауған жаңбырдан кейін қалпына келтірілген бөлікте асфальт шөгіп кеткен.
Қазір жол учаскесін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жауапты мекемелер асфальт жабынын толық жөндеу жұмыстарын 12 қазанға дейін аяқтауды жоспарлап отырғанын хабарлады.
Тұрғындар мен жүргізушілерге жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін аталған аумақта сақ болу ұсынылды.
Ресми мәлімет бойынша, бұл аймақта Алматы қаласының коммуналдық қызметтері биыл инженерлік желілерді жаңарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жоба «Алматы Су» кәсіпорнының тапсырысы бойынша жүзеге асып жатыр. Мекеме мәліметінше, жұмыстарды мердігер ұйым – «ASM Constraction» ЖШС атқарып жатыр екен.
Қайта жаңартылып жатқан су желілері өткен ғасырдың 60-70 жылдары пайдалануға берілген. Қазір олардың тозу деңгейі жоғары.
Жоба аясында ескірген құбырлар ауыстырылып, сумен жабдықтау жүйесінің сенімділігі арттырылады. Сондай-ақ тұрғындарды сапалы ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету көзделген.
Жауапты мекемелер құрылыс-монтаж жұмыстары мен жол жабынын қалпына келтіруді қоса алғанда, жоба 30 қазанда толық аяқталады деп сендірді.
Еске салсақ, кеше де Алматыда асфальт опырылып, автобус қозғала алмай қалған болатын. Әлеуметтік желіде Төле би көшесінде жол опырылып, жолаушылар автобусының дөңгелегі шұңқырға түсіп кеткен сәт түсірілген фото тарады.
Бұған дейін Алматының қай көшелерінде жөндеу жұмыстары жүріп жатқанына шолу жасаған едік.
Сондай-ақ, Алматы тұрғыны қазылған жолдың кесірінен көзінен айырылып қала жаздағанын жаздық.
Тағы оқи отырыңыз: Кептеліс, жол жабық: Алматыда нөсер халықты әбден әбігерге салды