Бүгiн 2026, 11:57 Фото: ©BAQ.KZ архиві/ЖИ

Алматыда әйел отбасылы ер адамға сталкинг жасаған

Биыл қалада мұндай бір жағдай тіркелген.

Алматы қаласы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Айтан Елеусізов Қазақстанда әйел адамның ер адамды қудалауына қатысты сталкинг фактісі тіркелгенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтар бойынша күдікті ретінде әйелдер де жауапқа тартылып жатады. Мұндай істерге денсаулыққа зиян келтіру, ауыр дене жарақатын салу және сталкинг деректері кіреді.

Полиция өкілі нақты бір жағдайда әйелдің бұрынғы қарым-қатынасты қайта жандандырғысы келгенін айтты. Алайда ер адам ол кезде отбасылы болғандықтан, өзінің некесін сақтау үшін полицияға жүгінген.

Сталкинг жасаған әйел қарым-қатынасты қайта жалғастырғысы келген. Бірақ екінші тарап үйленген адам болғандықтан, ол өз некесін сақтау үшін полицияға арызданды, – деді Айтан Елеусізов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында.

Одан өзге ер адамдарды қудалаған әйелдерге қатысты басқа жағдайлар бар-жоғы сұралғанда, полиция өкілі әзірге тек бір ғана факт тіркелгенін жеткізді. Оның сөзінше, бұл оқиға биыл болған.

Сондай-ақ Елеусізов қазіргі уақытта балаларға қатысты сталкинг фактілері бойынша өндірісте қылмыстық іс жоқ екенін айтты.

Полиция өкілі сталкингке байланысты жазалардың тиімділігі туралы да пікір білдірді. Оның сөзінше, тәжірибе көрсеткендей, көп жағдайда агрессорлар сотқа дейінгі тергеу кезеңінің өзінде қудалауын тоқтатады.

Алғаш ұсталған кезде адамға заң талаптары толық түсіндіріледі. Егер ол сотқа дейінгі тергеу барысында да қудалауын тоқтатпаса, бұл кейін сотта қосымша ауырлататын жағдай ретінде қарастырылуы мүмкін, – деді ол.

Оқи отырыңыз: 

"Жоқ" дегенді түсінбейтіндер: Алматыда қанша сталкерге іс қозғалды?