10 Қыркүйек 2026, 12:06 Фото: видео кадры

Алматыда аялдамада зейнеткерді аяусыз соққыға жыққан ер адамға сот үкімі шықты

Биыл сәуір айында аялдамада тұрған зейнеткер әйелді аяусыз соққыға жыққан ер адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бостандық ауданының №2 аудандық сотының үкімімен ер адам ҚР ҚК-нің 108-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енді.

Оқиға қалай болды?

Әлеуметтік желіде тараған видеода жас жігіттің аялдамада тұрған егде жастағы әйелге артынан келіп, жұдырықпен ұрып-соғып, жерге құлағаннан кейін басынан тепкені көрінеді. Оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды.

Оқиғадан кейін отбасы полицияға арыз жазған. Күдікті көп ұзамай ұсталды.

Шабуылдың кадрлары жарияланғаннан кейін блогерлер, атап айтқанда Kozachkov offside шабуылдаушының атын ашты. Шабуыл жасаған адамның Алматы қаласының 26 жастағы тұрғыны екені және бұған дейін сотталғаны анықталды.

Ол кезде сотта оның 2018 жылы шизофрения белгілері бар жедел психотикалық бұзылыс диагнозымен емделгені айтылған.

Нәтижесінде сот оны 2 жылға бас бостандығынан айырып, жазасын қауіпсіздігі минималды мекемеде өтеуге үкім шығарған.