Бүгiн 2026, 09:52 Фото: Видеодан кадр

Алматыда аялдамада әйелді аяусыз ұрған күдікті ұсталды

Алматы қаласында аялдамада 66 жастағы әйелге жасалған шабуылға қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдікті жедел түрде ұсталды.

Әлеуметтік желіде Бостандық ауданындағы аялдамалардың бірінде белгісіз жас жігіттің 66 жастағы әйелге шабуыл жасап, оны соққыға жыққаны туралы  видео тарады. Осы дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Полиция мәліметінше, қылмыс «ізін суытпай» ашылған.

Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталып, ол ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, - деді ПД баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Құқық қорғау органдары жазаның бұлтартпастығы қағидаты олардың жұмысындағы негізгі ұстаным екенін атап өтті. Әсіресе зорлық-зомбылықпен байланысты кез келген құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, кінәлілер толық жауапкершілікке тартылатыны ескертілді.

Бұған дейін Алматыда қоғамдық орында бетін тұмшалап жүргендер жазаланған еді.