Алматыда автобустың бағасы көтерілуі мүмкін: тұрғындардың ойы қандай?
Алматыда қоғамдық көлікте жол жүру ақысы 20 теңгеге қымбаттауы мүмкін. Дегенмен бағаның өсуіне тұрғындардың көпшілігі наразы. Кейбіреулері жол ақысы қымбаттаса, автобустардың жағдайын жақсарту керектігін атап өтті. Осы ретте Алматыдағы BAQ.KZ тілші тұрғындардың пікірін білген еді.
Алматы қаласының әкімдігі 80 теңгелік тарифтің 2011 жылдан бері өзгермегенін және былтыр ғана 20 теңгеге қымбаттағанын атап өтті. Қазір қалада тарифтің құны қолма-қол ақшасыз тәсілмен төлеген кезде – 100 теңге, ал қолма-қол төлеген кезде – 200 теңге.
Тұрғындардың көпшілігінің қоғамдық көліктерге көңілі толмайды. Сапасына бағасы сай келмейтінін атап өтті. Қала тұрғындары “3-4 автобусқа ауысып мінсек, таксидің бағасы шығып кетеді" деп шағымданды.
Жол ақысы қымбаттаса, автобустардың да жағдайын жақсарту керек. Қазіргі уақытта қоғамдық көліктердің қатысуымен болатын жол апаттары жиілеп кетті. Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы да баға 20 теңгеге қымбаттады. Дегенмен салыстырмалы тұрғыда 30%-ға өзгеріс болғаны байқалады. Сол кезде автопарк басшылары автобус көбейіп, жағдай жасалады деген. Алайда олардікі құр сөз болып, қазір автобустарда желдеткіш жоқ, тазазылқ сақталмаған, баяғыдай ішінде адамдар лық толы, аралары ұзақ. Өзгергені тек кейбір автобустардың жаңарғаны болды. Алайда баяғы жартас сол жартас дер едім. Баға өссе, соған лайықты қызмет көрсету қажет. Кейде 3-4 автобусқа отырғаннан гөрі таксимен жүре салған тиімді ме деп ойлаймын ,- дейді Айжан есімді қала тұрғыны.
Ресми ақпарат бойынша, биыл қоғамдық көлікте жол жүру үшін орташа тариф – 310 теңге, ал кейбір маршрутта 400 теңгеге жетеді. Осыған байланысты жыл сайын тасымалдаушыларға төленетін субсидия мөлшері өседі.
Тұрғындардың көпшілігі бағаның көтерілуі дұрыс емес деп есептейді. Себебі ай сайынғы ақшаны тұрғындардың қалтасы көтермейді.
Бағаның өсуі автопарк басшыларының талабы екені түсінікті. Жүргізушілердің жалақысы мен автобустарды жақсарту мақсатында көтермек. Дегенмен халықтың көпшілігі сырттан келіп жұмыс істейтіндіктен, бір емес, бірнеше автобусқа отырады. Бір қоғамдық көліктің өзіне 310 теңге төлейді. Үйінен жұмысына дейін екі бағытта екі автобусқа ауысып мінгенде 1240 теңге кетеді, енді осыны 30 күнге көбейтсек, 37 200 теңге шығады екен. Бұл бағаны адамдардың қалтасы көтере алмайды, себебі жалақы өспейді, қосымша табыс табу мүмкін емес. Сол себептен бағаны көтерерде адамдардың жағдайына да қарау керек,- дейді қала тұрғыны.