"Видео түсіріп тұрады": Мамандар жер сілкінісі кезіндегі адамдардың ең қауіпті әрекеттерін атады
Алматы жер сілкінісіне дайын ба? ТЖ қызметі халықтың өзіне де жауапкершілік жүктеді
Алматы сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқандықтан, қаладағы қауіпсіздік пен төтенше жағдайларға дайындық мәселесі қашан да маңызды. Осыған байланысты құзырлы органдар BAQ.KZ редакциясына мегаполистің жер сілкінісіне дайындығына қатысты түсініктеме берді.
Мамандардың айтуынша, Алматыдағы қауіпсіздік тек құтқарушылар мен техниканың жұмысына ғана емес, тұрғындардың өзіне де тікелей байланысты.
"Жер сілкінісі кезінде адамдар қателік жібереді"
Ресми мәліметте төтенше жағдай кезіндегі басты қауіптердің бірі – адами фактор екені айтылған.
Мамандардың сөзінше, жер сілкінісі немесе өрт кезінде кейбір адам лифт қолданады, құжат пен заттарын алу үшін қайта үйге кіреді немесе эвакуацияның орнына телефонға видео түсіре бастайды.
Тіпті дұрыс инфрақұрылым мен құтқарушылардың жедел жұмысы кезінде де шығындардың едәуір бөлігі адами факторға байланысты болуы мүмкін, – делінген жауапта.
Алматы тұрғындарына нақты дағдылар қажет
Төтенше жағдайлар қызметі қауіпсіздік мәдениеті тек теориямен шектелмеуі керек екенін атап өтті.
Мамандардың айтуынша, әр адам:
- үйіндегі қауіпсіз орындарды алдын ала білуі керек;
- эвакуация жолдарын есте сақтауы керек;
- байланыс үзілген жағдайда отбасы мүшелерімен әрекет алгоритмін келісуі керек;
- "дабыл сөмкесін" дайындауы тиіс.
Сондай-ақ ауыр шкафтар, люстралар мен тұрмыстық техникаларды қабырғаға бекіту қажет. Себебі жер сілкінісі кезінде мұндай заттар құлап, адамдар түрлі жарақат алуы мүмкін.
Халыққа арналған арнайы сабақтар өтіп жатыр
Құзырлы орган қалада төтенше жағдайға дайындық бойынша тұрақты оқыту жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Қазір мектеп оқушыларына, студенттерге, мұғалімдерге, сауда орталықтарының қызметкерлеріне және қала тұрғындарына арналған:
- курстар;
- мастер-кластар;
- ашық сабақтар;
- практикалық жаттығулар ұйымдастырылып келеді.
Сауда орталықтары мен қоғамдық орындарда жер сілкінісі кезіндегі әрекеттер мен эвакуация ережелері түсіндіріледі.
Арнайы құрал
Мамандардың айтуынша, қалада арнайы мобильді құрал қолданылады. Ол адамдарға әртүрлі деңгейдегі жер сілкінісін қауіпсіз жағдайда сезінуге мүмкіндік береді. Осы арқылы тұрғындар әрекет ету алгоритмін тәжірибе жүзінде меңгереді.
Азаматтық қорғау саласындағы халықты оқыту орталығында биылдың өзінде 900-ден астам адам арнайы курстан өткен.
Қалада 843 сирена орнатылған
Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, Алматыда жер сілкінісі кезінде халықты жедел ескерту жүйесі толық іске қосылады.
Қазір қала бойынша:
- 843 сирена жұмыс істейді;
- 695 телеарна;
- 25 радиоарна арқылы хабар тарату мүмкіндігі бар.
Сонымен қатар тұрғындарға Cell Broadcast технологиясы арқылы Mass Alert жүйесімен ұялы телефонға ескерту хабарламалары жіберіледі.
Жойқын жер сілкінісі болған жайдайда...
Жойқын жер сілкінісі болған жағдайда тұрғындарды уақытша орналастыру үшін арнайы қабылдау пункттері дайындалған. Олар мектептер, университеттер мен стадиондар базасында орналасқан. Жалпы саны – 384 пункт.
Бұл орындарда тұрғындарды тіркеу, су мен азық-түлік беру, қажет жағдайда қауіпсіз аймақтарға көшіру жұмыстары жүргізіледі. Мамандардың айтуынша, барлық қабылдау пункті 2GIS жүйесіне енгізілген және интернетсіз режимде де жұмыс істей алады.
"Қауіпсіздік – тек мемлекеттің емес, тұрғындардың да жауапкершілігі"
Құзырлы орган Алматының төтенше жағдайларға дайындығы тек техника мен құтқарушыларға байланысты емес екенін атап өтті.
Қаланың төтенше жағдайларға дайындығы тек техника, құлақтандыру жүйесі және құтқарушылардың кәсібилігі ғана емес. Ол, ең алдымен, қалай әрекет ету керегін білетін, төтенше жағдайда өзін-өзі ұстай алатын дайындалған адам, – делінген жауапта.
Мамандар қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мен тәжірибелік дайындықты күшейту Алматы үшін аса маңызды бағыттардың бірі екенін айтты.
Еске салайық, Ионосфера институтының профессоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты Назыф Салихов сейсмикалық процестерді зерттеу қалай жүргізілетінін, қандай белгілер жер сілкінісінің алдында байқалуы мүмкін екенін және неге ғалымдар нақты болжам жасауға әлі сақ қарайтынын айтып берген болатын.