Алматы қаласы бойынша жаңадан тіркелген діни ағымдар да бар ма?

Діни экстремизм мен терроризмнің таралуының алдын алу бойынша қандай шаралар қабылданып жатыр. Бұл туралы Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы BAQ.KZ тілшісінің сауалына жауап берді.

Жастар арасында діни экстремизм мен терроризмнің таралуының алдын алу бойынша қандай шаралар қабылданып жатыр?

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы мемлекеттің дін саласындағы саясатын жүзеге асырушы жергілікті атқарушы орган болып табылады.

Басқарма мақсаты халық арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, зайырлылық қағидаттарын насихаттау және конфессияаралық келісімді нығайту болып табылады.

Осы орайда, бүгінгі таңда Басқармамен бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, жыл басынан бері халық арасында әртүрлі форматтағы 500-ден астам кездесулер мен сұхбаттар өткізіліп, жалпы саны 60-мыңға жуық адам қамтылды. Аталған шаралардың басым көпшілігі мектеп, колледж, университеттерде оқитын жастар арасында өткізілді.

Бұл жұмысты жүзеге асыру үшін арнайы дін саласындағы білікті мамандар тартылған ақпараттық-түсіндіру тобы құрылды.

Бұдан бөлек, діни радикалды ұйымдардың қауіптілігі туралы ақпарат беру және ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында дін өкілдерінің қатысуымен мешіт жамағаттары арасында тұрақты түрде кездесулер ұйымдастырылуда.

Діни әдебиеттерді және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды тарату бойынша мониторинг қалай жүргізіледі?

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» № 483-ІV заңының  5-бабына сәйкес, басқарма өңірдегі діни ахуалды зерделеуді және талдауды жүзеге асырып, өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша жергілікті деңгейде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Заңның 5-бабының 1-тармағы 7-тармақшасына сәйкес, діни әдебиеттерді, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды таратуға арналған стационарлық үй-жайларды жергілікті атқарушы органмен бекітіледі.

Сонымен қатар, заң талаптарына сәйкес, діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тек қана ғибадат үйлерінде (ғимараттарында), діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары арнайы белгілеген тұрақты үй-жайларда таратуға жол беріледі.

Осы орайда, басқарма тарапынан тұрақты түрде діни әдебиет пен діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды тарататын орындарға мониторинг жүргізіліп, Заң талаптарына сай дінтанулық сараптамадан өтуін қадағалау жүргізілуде.

Бұдан бөлек, Заңда көрсетілген орындардан тыс жерлерде діни әдебиет пен діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды тарату фактісі орын алған жағдайда құқық қорғау органдарымен бірлесе 
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 490-бабына сәйкес, іс қозғалып, хаттама толтырылады.

Атап айтқанда, ағымдағы жылдың басынан бері Заң талаптарын сақтамай діни әдебиет пен діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды таратқан қаланың 2 тұрғынына қатысты 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

Алматы қаласы бойынша жаңадан тіркелген діни ағымдар да бар ма?

Заңда көрсетілген түсініктемеге сәйкес, діни бірлестік дегеніміз – Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың өз мүдделерінің ортақтығы негізінде діни қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен біріккен ерікті бірлестігі.

Бүгінгі таңда қала аумағында 17 конфессияның атынан тіркелген діни бірлестіктердің саны 192 бірлікті құрайды, оның ішінде 118 діни ғимарат (54 мешіт, 20 православтық шіркеу мен собор, 2 католиктік приход, 1 синагога, Вон-буддистік конфессияның 1 діни ғимараты, протестанттық конфессиялардың 35 діни ғимараты, 4 - Ехоба куәгерлері, 1 - Новоапостол шіркеуі) бар.

2024 жылдың басынан бері қала аумағында жаңа діни бірлестіктердің тіркелуі бойынша ақпарат Алматы қаласы бойынша Әділет департаментінен келіп түскен жоқ.

Өзге діннің жетегінде кеткен азаматтармен жұмыс қалай жүргізіледі?

Қазақстан Республикасын Конституциясының 2 бабына сәйкес әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар. Осыған байланысты, азаматтардың кез-келген дінді ұстануға немесе ұстанбауға құқығы бар екендігін атап өткен жөн.

Бұдан бөлек, экстремистік діни ағымдардан зардап шеккен азаматтарға кқмек көрсету мақсатында 2017 жылдан бері Басқарма жанындағы «Кеңес беру және оңалту орталығы» өз қызметін жүргізіп келеді. Аталған орталық теолог және психолог мамандардың қатысуымен экстремистік сипаттағы діни ағымдардың радикалды, сондай-ақ жалған идеологияларының ықпалына ұшыраған адамдар үшін кеңес беру, алдын алу және оңалту қызметтерін көрсетумен айналысады.

Аталған бағыттағы жұмыс ағымдағы жылы да жүйелі және жоспарлы негізде жалғасуда. Сонымен қатар, орталықта ерлер мен әйелдерге арналған сенім телефоны бар екендігін атап өткен жөн (ерлерге арналған сенім телефоны: +77011207570, әйелдерге арналған сенім телефоны: +77011200503).

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы