2 Шілде 2026, 00:48 Фото: Скриншот

Түрген өзенінде су деңгейі көтеріліп, 58 адам эвакуацияланды

Қазіргі уақытта оқиға орнында құтқарушылар тәулік бойы жұмыс жүргізіп жатыр.

Алматы облысында нөсер жауын-шашыннан кейін Түрген шатқалындағы Түрген өзенінің су деңгейі күрт көтеріліп, Түрген – Ассы автожолының бірнеше учаскесін су шайып кетті.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, су басқан аумақта 17 киіз үй орналасқан. Сонымен қатар, «Водник» бау-бақша серіктестігінде төрт ауланы су басты.

Қауіпсіздік мақсатында құтқарушылар 58 адамды, оның ішінде 21 баланы және 8 шетел азаматын қауіпсіз жерге эвакуациялады. Эвакуацияланған тұрғындарды тасымалдау үшін ТЖМ-нің вахталық көлігі ұйымдастырылды. Зардап шеккендер жоқ.

Қазіргі уақытта оқиға орнында құтқарушылар тәулік бойы жұмыс жүргізіп жатыр. Мамандар сел қаупі бар учаскелерге үздіксіз мониторинг жүргізіп, авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын атқаруда.

Табиғи апаттың салдарын жоюға ТЖМ, жергілікті атқарушы органдар және басқа да қызметтердің 300-ге жуық қызметкері мен 44 бірлік техникасы жұмылдырылған. Жағдай Төтенше жағдайлар министрлігінің тұрақты бақылауында.

Еске салайық, 1 шілде күні Алматы қаласының Наурызбай ауданында сел жүру қаупіне байланысты Ақсай өзенінің арнасын бойлай орналасқан үйлердің тұрғындары алдын ала эвакуацияланып жатқаны хабарланған болатын.