9 Қыркүйек 2026, 09:38 Фото: ©️ BAQ.KZ архиві

Алматы мен облыста электр энергиясы қымбаттайды

Алматы қаласы мен Алматы облысында электр энергиясының тарифтері қымбаттайды. Жаңа бағалар 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Жаңартылған тарифке сәйкес, халық үшін электр энергиясының орташа құны қосылған құн салығын (ҚҚС) есептегенде 1 кВт/сағат үшін 37,92 теңгені құрайды. Алайда тұтынушылардың нақты төлейтін сомасы пайдаланылған электр көлеміне байланысты болады.

Жеке тұлғалар үшін бұрынғыдай үш деңгейлі тариф жүйесі сақталады:

Бірінші деңгей – 34,28 теңге/кВт·сағ;

Екінші деңгей – 45,51 теңге/кВт·сағ;

Үшінші деңгей – 56,89 теңге/кВт·сағ.

Бұл жүйеге сәйкес, белгіленген лимиттен артық электр энергиясын пайдаланған сайын тариф те жоғарылай береді.

«Энергосбыт» компаниясының мәліметінше, бағаның өсуіне электр энергиясын сатып алу құнының қымбаттауы себеп болған. Компанияның хабарлауынша, 15 шілдеден бастап көтерме нарықтағы электр энергиясының бағасы 23 пайызға өсіп, бір киловатт-сағат үшін 13 теңгеден 16 теңгеге дейін көтерілген.

Сондай-ақ 12 қыркүйектен бастап электр энергиясын бөлшек саудада өткізудің шекті тарифі ҚҚС-пен бірге 45,59 теңге/кВт·сағат деңгейінде белгіленеді.

Тұрмыстық емес тұтынушылар үшін тариф 50,03 теңге/кВт·сағат болады. Ал мемлекеттік мекемелер, мемлекеттік кәсіпорындар және мемлекет қатысатын кейбір ұйымдар үшін электр энергиясының құны 50,38 теңге/кВт·сағат болып бекітілді.

Бұдан бөлек, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда жұмыс істейтін кәсіпорындар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өндірушілері мен бірқатар ұйымдар үшін тариф 45,59 теңге/кВт·сағат көлемінде сақталады.

Еске салайық, бұған дейін Алматының бірнеше ауданында жарық өшірілетінін хабарлаған едік.