7 Қазан 2026, 15:38 Фото: әлеуметтік желіден

Алматы көшесінде күшікті тұншықтырып, тепкілеген әйел арнайы мекемеге жеткізілді

Қоғамда резонанс тудырған видеодан кейін полиция әйелдің жеке басын анықтады. Қазір ол қажетті медициналық көмек алу үшін арнайы мекемеде.

Алматыда күшікке қатыгездік көрсетіп, оны өтіп бара жатқан адамдарға қарай лақтырған әйел арнайы медициналық мекемеге жеткізілді. Бұл туралы Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі BAQ.KZ редакциясының сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Әлеуметтік желіде кеңінен тараған бейнежазба қоғамда резонанс тудырған болатын. Кадрларда әйелдің күшікті тұншықтырып, тепкілегені, кейін оны қолына алып, жанжалға араласқан өтіп бара жатқан адамдарға қарай сермеп, лақтырғаны көрінеді.

Оқиғадан кейін жастар күшікті алып, ветеринарлық клиникаға жеткізген. Мамандар жануардан шок жағдайын анықтағанымен, өміріне қауіп төндіретін жарақаттар болмағанын хабарлаған. Қазір күшік жаңа иелерінің қамқорлығында.

Полицияның мәліметінше, әлеуметтік желіде тараған бейнежазба Алматы қаласының полиция қызметкерлерінің назарынан тыс қалмаған.

Осыған байланысты Әуезов аудандық полиция басқармасының қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде әйелдің жеке басы анықталған.

Тексеру барысында оның психоневрологиялық есепте тұрғаны анықталды. Қазіргі уақытта әйел қажетті медициналық көмек көрсету үшін мамандандырылған медициналық мекемеге жеткізілді, – деп хабарлады полиция.

Қазіргі таңда аталған дерек бойынша тексеру жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын, соның ішінде әйелдің жануарға қатысты әрекеттерін анықтап жатыр.

Тексеру нәтижесі бойынша оқиғаға заңнамаға сәйкес тиісті құқықтық баға беріледі.

Полицияның хабарлауынша, қазіргі уақытта басты назар оқиғаның барлық мән-жайын толық анықтауға бағытталған.

Тағы оқи отырыңыз: «Эмоцияға беріліп кеттім»: Жамбылда оқушыны ұрып-соққан мұғалім қамалды 

Ақтөбеде ұйықтап жатқан баланың бетін тырнаған балабақша қызметкері тергеліп жатыр