Алматы-1 вокзалы жер сілкінісіне төтеп бере ала ма?
Алматы-1 вокзалының сейсмикалық төзімділігі күшейтілуде
Алматы-1 вокзалының сейсмикалық төзімділігі күшейтілуде. Бұл туралы Көлік министрілігі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Көлік министрлігінің Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Нұржан Кельбуғанов Алматы-1 теміржол вокзалының қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты.
Құрылыс-монтаж жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Жоба аясында вокзал ғимараты мен вокзал кешенінің бүкіл инфрақұрылымын кешенді жаңғырту көзделген. Инженерлік желілер жаңартылып, заманауи энергиямен жабдықтау, желдету, цифрлық бақылау және қауіпсіздік жүйелері енгізілуде. Жобаның негізгі басымдығы – нысанның сейсмикалық төзімділігін арттыру. Тірек конструкциялары күшейтіліп, ғимарат өңірдің сейсмикалық ерекшеліктерін ескере отырып, қолданыстағы құрылыс нормаларына сәйкестендірілуде. Сонымен қатар өрт қауіпсіздігі және бейнебақылау жүйелері жаңартылуда. Қайта жаңғырту нәтижесінде вокзалдың өткізу қабілеті артып, жолаушыларға қызмет көрсету жағдайы жақсарады, толыққанды кедергісіз орта қалыптастырылады. Жаңартылған нысан қауіпсіз, технологиялық және жайлы болады. Қайта жаңғырту жұмыстарын ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған, - делінген министрлік хабарламасында.
Еске салайық, кеше Алматыда жер сілкінісі сезілген болатын.