Алишер Сатвалдиев: Ақсақалдардың алқасында өстім
Бүгін "Шаңыраққа" сенатор бас сұқты - хабардың мейманы ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Алишер Сатвалдиев.
Алишер Ғапиржанұлының Астанаға қоныс аударғанына бір жылдай болды. Түбі Оңтүстіктің тумасы, өз сөзімен айтсақ "сансыз баптардың елі Сайрамның ұлы".
Сенатормен әңгіме сан алуан тақырыпты қамтыды. Қазақ тілінің жағдайы, өңірлердегі өзекті мәселелер, Сенат қабырғасындағы сан салалы қызметтерді қамтыған әдемі әңгіме болды.
"Сенаттың негізгі бағыты қазір өңірлерге бұрылды ғой. Ал өңірлермен тығыз жұмыс істесе жүріп БАҚ саласынан ұзап кету мүмкін емес" деп ағынан жарылған Алишер мырза жұмыс пен қоғамдық қызметінен басқа отбасылық жағдай, адами құндылықтар төңірегінде де толымды әңгімелер айтты.
"Шаңырақ" - түрі өзге болса, тілі қазақша азаматтармен мемлекеттік тілде сұхбат құратын, сол арқылы қоғамға ой тастауды мақсат тұтатын жоба. Жоба негізінен елге танымал азаматтармен қатар, бұған дейін қалың жұртшылыққа беймәлімдеу боп келген жастар сөйлейтін алаң болмақ, көрерменге сонысымен де тартымды болуды көздейді.
Бұған дейін "Шаңырақтың" алдыңғы санындағы мейманы журналист, қазақы көрерменге ыстық, дегенмен, кейінгі жылдары экраннан көрінбей кеткен жұлдыз - Оксана Әубәкірова болды.