Әлеуметтік төлемдер схемасы: жүкті әйелдер арқылы 200 млн теңге ұрланған

Павлодар облысында жүкті әйелдерді жалған жұмысқа орналастырып, мемлекеттен негізсіз жәрдемақы рәсімдеген қылмыстық схема анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Қаржы мониторингі агенттігіне (ҚМА) сілтеме жасап.

Тергеу мәліметінше, Мемлекеттік әлеуметтік төлемдер орталығы (МӘСО/бұрынғы ГЦВП) филиалының бөлім басшысы өзінің туысын – бірқатар жеке кәсіпкерлердің электрондық цифрлық қолтаңбаларына қол жеткізе алатын бухгалтерді іске тартқан.

Бухгалтер цифрлық қолтаңбаларды кәсіпкерлердің өздеріне айтпай пайдаланып, жалған еңбек шарттары, есеп құжаттары мен ведомостер рәсімдеген. Сонымен қатар бірнеше танысы жүкті әйелдерді тауып, оларды ұсынылған рәсім заңды деп сендіріп отырған. Осы жалған мәліметтер негізінде жәрдемақылар тағайындалып, кейін алынған қаражат қатысушылар арасында бөлінген, - деп схеманың қалай жұмыс істегенін түсіндірді ҚМА.

Қылмыстық жолмен 13 жеке кәсіпкердің атынан 50-ден астам жүкті әйелге 6 млн теңгеге дейін жәрдемақы заңсыз аударылғаны анықталды. Мемлекетке келтірілген залал 200 млн теңгеден асып отыр.

Сот санкциясымен күдіктілердің үш автокөлігіне тыйым салынды.

Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасуда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы