Әлеуметтік әріптестер еңбекті қорғау бойынша бірлескен ұсыныстар әзірлейді

28 сәуір Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні аясында Кәсіподақтар федерациясы «Қауіпсіз жұмыс орны – өмір мен денсаулықты сақтаудың негізі» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ҚРКФ медиаорталығының хабарлауынша, оның жұмысына республиканың әртүрлі салалары мен аймақтарының кәсіподақ көшбасшылары мен техникалық инспекторлары, жұмыс берушілер мен уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Іс-шараға қатысушыларды қарсы алған Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев қазақстандық еңбеккерлер үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етудің өзектілігін атап өтіп, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы 2023 жылды «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялағанын еске салды.

Жазатайым оқиғалар динамикасы іс жүзінде төмендеу тенденциясына ие емес. Осы уақытқа дейін топтық, адам қазасына алып келген апатты жағдайлардың пайда болуының қайғылы фактілеріне куә болып жүрміз. Кәсіподақтар федерациясы Үкімет пен Парламентке қауіпсіздік және еңбекті қорғау мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы бірқатар ұсыныстар енгізуге бастамашы болды. Айта кетерлігі, олардың бірқатары Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасында көрініс тапты, - деді Нұрлан Өтешев.

Ағымдағы жағдайдың талдауымен қатысушыларды КФ ӘЭҚ және ӘӘ комитетінің қауіпсіздік және еңбекті қорғау, еңбек дауларының алдын алу және шешу мәселелері бойынша бөлім жетекшісі Марат Имаш таныстырды. Оның айтуынша, елімізде 2021 жылмен салыстырғанда жазатайым оқиғалар саны 1297-ден 1 232-ге немесе 5%-ға, жарақат алғандар 1 467-ден 1 465-ке немесе 0,1%-ға азайса, қаза болғандар саны 200-ден 203 адамға немесе 1,5%-ға өскен.

Сонымен қатар тіркелген 1 232 жазатайым оқиғаның 428-і кәсіподақтар жұмыс істейтін 228 кәсіпорында болғанын айта кету керек. Бұл кәсіподақ бар кәсіпорындардағы жарақат деңгейінің төмендігін көрсетеді. Өйткені өндірістік кеңестер мен еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар негізінен кәсіподақтардың бастамасымен құрылады және жұмыс істейді, - дейді Марат Имаш.

Ол осы уақытқа дейін әлеуметтік әріптестерге жолданған КФ-тың бірқатар ұсынысын айтты.

Олардың ішінде – еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың мәртебесі мен өкілеттіктерін арттыру, олардың жұмысын материалдық және моральдық ынталандыру; жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру кезінде қызметкердің кінәсінің дәрежесін алып тастау; Еңбек кодексіне әлеуметтік әріптестік келісіміне және/немесе ұжымдық шартқа міндетті ереже ретінде енгізе отырып, барлық жұмыс берушілер үшін міндетті түрде өндірістік кеңестер құру және олардың өкілеттіктерін кеңейту туралы норманы енгізу; «мемлекеттік еңбек инспекторы – еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектор» форматы бойынша бірлескен тексерулерді ұйымдастыру; әлеуметтік әріптестік құжаттарында қайтыс болған қызметкердің отбасына 10 жылдық жалақы мөлшерінде біржолғы төлем туралы ұсыныстарды бекіту; әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық, салалық және өңірлік үшжақты комиссиялардың отырыстарында қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселелерін қарау және т.б.

Өндірістегі жазатайым оқиғалардың негізгі себептерінің қатарында жұмыстың қанағаттанарлықсыз ұйымдастырылуын, жәбірленушінің салғырттығын, қауіпсіздік және еңбекті қорғау ережелерінің бұзылуын, жұмыс орындарында техникалық жағдайдың осалдығын атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ҚРКФ медиаорталығы
Өзгелердің жаңалығы