Бүгiн 2026, 10:26 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

AlemGPT және «өтінішсіз мемлекет»: 2026 жылы eGov қалай өзгереді?

Цифрлық даму министрлігі eGov жүйесіне жасанды интеллектінің қалай енетінін түсіндірді.

eGov экожүйесі цифрландырудан дамудың жаңа кезеңіне өтуде. Бұл туралы BAQ.KZ редакциясының ресми сауалына берген жауабында ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мәлімдеді.

eGov 3.0

eGov дамудың жаңа кезеңі – eGov 3.0-ге көшуде. Егер бұған дейін басты міндет мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа өткізу болса, ендігі кезекте басты назар азаматтарға қолайлы жағдай жасауға және қызмет көрсетудің проактивті форматына аударылады.

Цифрлық даму министрлігінің хабарлауынша, негізгі өзгерістер «өтінішсіз мемлекет» моделіне байланысты. Бұл болашақта қызметтердің бір бөлігі бөлек өтініш беруді талап етпей-ақ, автоматты түрде көрсетілетінін білдіреді.

Сонымен қатар, ЖИ-ассистенттерді енгізу, қызмет алудың ыңғайлы сценарийлерін дамыту және eGov-ты сыртқы платформалармен әрі мобильді сервистермен біріктіру жоспарлануда. Осындай шешімдердің бірі – AlemGPT мультиагенттік платформасы болмақ. Ол мемлекеттік қызметтерді өтініш білдірген сәттен бастап дайын нәтижеге дейін қарапайым диалог арқылы алуға мүмкіндік береді.

Бұл ретте жаңа құралдар үйреншікті арналарды алмастырмайды. Азаматтар бұрынғыдай eGov порталын, eGov mobile қосымшасын пайдалана алады немесе өзара әрекеттесудің диалогтық форматын таңдай алады.

eGov-тағы ЖИ

Жасанды интеллект eGov-қа бөлек функция ретінде емес, бүкіл жүйенің бір бөлігі ретінде енгізіледі. Оны қызметтерді іздеуде, өтініштерді өңдеуде, пайдаланушыларға нұсқаулықтар беруде және өтінімдерді сүйемелдеуде қолдану жоспарлануда.

Бұл технологиялар қызмет алу уақытын қысқартады, қайталанатын өтініштер санын азайтады және қағазбастылықты төмендетеді деп күтілуде.

Дербес деректерді қорғау

Мемлекеттік қызметтерге жасанды интеллектіні енгізу кезінде дербес деректерді қорғау басты шарттардың бірі болады.

Ол үшін қорғалған мемлекеттік инфрақұрылым, ЭЦҚ, биометриялық сәйкестендіру және қолжетімділікті көпдеңгейлі бақылау жүйесі пайдаланылады. Яғни, деректерге қол жеткізу шектеулі әрі қатаң бақылауда болады.

Бұл ретте ЖИ заңдық тұрғыдан маңызды шешімдерді өздігінен қабылдамайды. Ол тек қосымша көмекші рөлді атқарады – ақпаратты іздеуге, тиісті қызметтерді таңдауға және пайдаланушыға бағыт-бағдар беруге көмектеседі. Ал түпкілікті шешім қабылдау құқығы мемлекеттік ақпараттық жүйелердің еншісінде қалады.

Күтілетін нәтижелер

2026 жылы eGov-қа жасанды интеллектіні енгізуден мемлекеттік қызметтердің анағұрлым жылдам әрі ыңғайлы болуы күтілуде.

ЖИ қызмет алу уақытын қысқартуға, ХҚКО-ларға түсетін жүктемені азайтуға, құжаттарды ресімдеу кезіндегі қателіктер мен бас тартулар санын төмендетуге септігін тигізуі тиіс. Сондай-ақ, мемлекет артық өтінішсіз-ақ қажетті сервисті өзі ұсынатын проактивті қызметтердің үлесі артады деп күтілуде.

Бұдан бөлек, автоматтандырылған қызметтердің тізімін кеңейту және цифрлық сервистерді пайдаланушылардың санын арттыру жоспарланып отыр.

Еске салайық, бұған дейін еліміздегі ХҚКО-ларда қысқарту болуы мүмкін екені хабарланды