Әлемде хантавирусқа байланысты дабыл күшейді: Қазақстан не істеп жатыр?
Қазақстанда шекарадағы санитариялық бақылау күшейтіліп, жолаушылар термометриядан өткізіліп жатыр.
Оңтүстік Америкадан шыққан экспедициялық кемеде хантавирустық инфекция жағдайлары тіркелгеннен кейін бұл вирус әлем назарын қайта аудартты. ДДСҰ әзірге кең таралу қаупін төмен деп бағалап отыр. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі елде шекаралық санитариялық бақылау күшейтіп, шетелден келетін жолаушыларға тексеріс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кемедегі жағдайдан кейін хантавирус қайта назарға ілікті
Хантавирустық инфекция – негізінен кеміргіштер арқылы таралатын қауіпті вирустар тобы. Адамға вирус көбіне жұқтырылған жануарлардың бөлінділері ауаға тараған кезде жұғады.
Оңтүстік Америкада эпидемиологиялық тұрғыдан ең қауіпті вирустардың бірі – Andes orthohantavirus (ANDV). Мамандар бұл адамнан адамға тығыз байланыс кезінде берілетіні дәлелденген жалғыз хантавирус екенін айтады.
2026 жылдың мамыр айында Аргентинаның Ушуайя қаласынан шыққан MV Hondius экспедициялық кемесінде хантавирустық инфекция жағдайлары тіркелді. 6 мамырдағы мәлімет бойынша сегіз адамнан инфекция анықталған: үшеуі расталған, бесеуі күдікті жағдай. Сонымен қатар үш өлім жағдайы тіркелді. Ауру кемеде және South Africa, Switzerland, Netherlands аумақтарында анықталған.
Алдын ала болжам бойынша, жолаушылар вирус жұқтырған аймақтарға Оңтүстік Аргентинадағы экотуризм сапары кезінде барған болуы мүмкін. ДДСҰ әзірге хантавирустың кең таралу қаупін «өте төмен» деп бағалап отыр.
Қазақстандағы жағдай қандай
Қазақстанда аса қауіпті инфекциялардың ел аумағына әкелінуіне және таралуына жол бермеу үшін мемлекеттік шекарадағы 26 өткізу пунктінде санитариялық-карантиндік бақылау жүргізіліп жатыр.
Мамандар шетелден келетін жолаушыларды байланыссыз термометрия арқылы тексереді. Санитариялық-карантиндік пункт қызметкерлері карантиндік және аса қауіпті инфекциялар анықталған жағдайда бекітілген алгоритмдер мен хабарлау схемаларына сәйкес әрекет етеді. 2026 жылдың алғашқы төрт айында шетелден келген 2,1 миллионнан астам жолаушы термометриядан өтті. Медициналық көрсеткіштер бойынша дене қызуы жоғары 28 адам анықталған, - деп жауап берді ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Жасұлан Алпысбаев.
Ресми мәлімет бойынша, елдегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты.
Andes вирусы несімен қауіпті
Andes orthohantavirus Hantaviridae тұқымдастығына жатады. Вирустың негізгі табиғи резервуары – Аргентина мен Чили аумағында таралған ұзынқұйрықты күріш тышқаны (Oligoryzomys longicaudatus).
Вирус көбіне кеміргіштердің бөлінділерімен ластанған аэрозольдерді тыныс алу арқылы жұғады. Сонымен қатар жұқтырылған беткейлермен байланыс немесе сирек жағдайда кеміргіштердің шағуы да қауіп төндіруі мүмкін.
Дәрігерлердің түсіндіруінше, Andes вирусының басты ерекшелігі – басқа ортохантавирустардан айырмашылығы, адамдар арасында берілуі мүмкін. Әсіресе аурудың бастапқы, продромальды кезеңінде тығыз байланыс кезінде жұғу қаупі жоғарылайды.
Бұл вирус кезінде өлім-жітім деңгейі шамамен 30–40 пайызды құрайды.
Ауру қалай басталады
Хантавирустық өкпелік синдромның инкубациялық кезеңі жеті күннен 42 күнге дейін, кей жағдайда одан да ұзақ болуы мүмкін.
Ауру әдетте дене қызуының көтерілуінен, әлсіздіктен, бұлшықет пен бастың ауруынан басталады. Кейін жөтел, ентігу және тыныс
жеткіліксіздігінің белгілері қосылады.
Қауіп факторлары қандай
Мамандар инфекцияның таралуына бірнеше фактор әсер етуі мүмкін екенін айтады.
Олардың қатарында адамдардың ұзақ уақыт жабық кеңістікте болуы, ортақ каюталар мен тамақтану орындарын пайдалану, желдетудің шектеулі болуы, ұзақ инкубациялық кезең және жолаушылардың халықаралық қозғалысы бар, - деді Жасұлан Алпысбаев.
Соған қарамастан, жаһандық деңгейде қауіп төмен немесе өте төмен деп бағаланып отыр. Себебі Andes вирусының табиғи резервуары Еуропаның басым бөлігінде және Оңтүстік Америкадан тыс аймақтарда кездеспейді.
Шетелге шығатын азаматтарға құлаққағыс
Денсаулық сақтау ведомствосы шетелге сапарлайтын азаматтарға бірнеше сақтық шарасын ұстануға кеңес береді.
- Ең алдымен кеміргіштермен және олардың бөлінділерімен байланыстан аулақ болу қажет. Сондай-ақ олардың мекен етуі мүмкін орындарға бармаған жөн.
- Кеміргіштермен ластануы ықтимал азық-түлік пен суды пайдаланбау, стихиялық және көшедегі сауда орындарында тамақтанбау ұсынылады. Азық-түлікті тығыз жабылатын ыдыстарда сақтау қажет.
- Жабық үй-жайларда алдын ала желдету жүргізіп, дезинфекциялық құралдарды пайдалана отырып ылғалды тазалау жасау керек. Тазалық кезінде қолғап пен маска сияқты жеке қорғаныш құралдарын қолданған дұрыс.
- Адам көп жиналатын орындарда арақашықтық сақтау, маска тағу, дезинфекциялық құралдарды пайдалану және қол гигиенасын сақтау ұсынылады.
Егер шетелден оралғаннан кейін бір-сегіз апта аралығында әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, бұлшықет ауруы, жөтел немесе ентігу белгілері байқалса, шетелде болғаны туралы міндетті түрде хабарлап, дереу медициналық ұйымға жүгіну қажет.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, хантавирус тараған лайнердегі жолаушылар өз елдеріне жаппай қайтарылып жатыр.
Белгілі болғандай, АҚШ-та хантавирусқа байланысты круиздік кеме жолаушылары карантинге алынды.
Тағы оқи отырыңыздар: Еуропада хантавирус өршіп тұр: ДДСҰ басшысы үндеу жасады