Әлемде: Әзербайжан-Армения бейбіт келісімі, Руанда мен Конго татуласты

BAQ.KZ тілшісі бір тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылады.

Әзербайжан 2026 жылы Армениямен бейбіт келісімге қол қоюды жоспарлап отыр

Әзербайжан билігі Армениямен бейбітшілік туралы келісімге 2026 жылы ресми түрде қол қойылады деп үміттеніп отыр. Бұл туралы Әзербайжан Президентінің ерекше тапсырмалар жөніндегі өкілі Эльчин Амирбеков Женевада журналистерге берген мәлімдемесінде айтты.

Амирбековтің айтуынша, 2025 жыл Оңтүстік Кавказ тарихында маңызды кезең ретінде есте қалмақ. Себебі Әзербайжан мен Армения ұзақ жылдарға созылған қақтығыстар мен қарсыластықтан кейін ресми бейбітшілікке бұрын-соңды болмаған деңгейде жақындап отыр.

Ол Вашингтонда тамыз айында өткен саммиттің рөлін ерекше атап өтті. Саммит барысында тараптар «араздықты артқа қалдырып, аймақ үшін жаңа болашақ бастауға мүмкіндік алғанын» айтты.

Біз келесі жыл өте маңызды болатынына сенеміз. 2026 жыл бейбіт келісімді ресми түрде бекітуге жол ашады, - деді Амирбеков.

Айта кетейік, 8 тамызда Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Армения премьер-министрі Никол Пашинян АҚШ президенті Дональд Трамптың қатысуымен Вашингтонда өткен үшжақты кездесуде ортақ декларацияға қол қойған болатын. Бұл құжат жеті тармақтан тұрады және екі елдің бейбітшілікке ұмтылысын айқындайды. Декларацияда нақты бөлшектер көрсетілмегенімен, тараптар бейбітшілік туралы келісім мәтіні бойынша келісімге келгені және оны түпкілікті ратификациялауға күш салатыны атап өтілген.

Руанда мен Конго басшылары Трамптың қатысуымен бейбіт келісімге қол қойды

Вашингтонда Конго Демократиялық Республикасы мен Руанда президенттері – Феликс Чисекеди мен Пол Кагаме АҚШ президенті Дональд Трамп қатысуымен аймақтағы көпжылдық қақтығысты тоқтатуға бағытталған бейбіт келісімге қол қойды.

Келісімге екі елдің Сыртқы істер министрлері маусым айында қол қойғанымен, тараптар бір-бірін шарттарды бұзды деп айыптаған.

Кагаме Трампты бейбітшілік процесіне үлес қосқан бейтарап көшбасшы ретінде сипаттап, келісімді жоғары бағалады. Саммит алдында Конго ДРК-ның табиғи ресурстарға бай шығысында Руанда қолдайтын үкіметтік әскерлер мен көтерілісшілер арасындағы жағдай шиеленіскен еді.

Трамп өз сөзінде АҚШ екі елмен жаңа экономикалық және пайдалы қазбаларға қол жеткізу мүмкіндіктерін қарастыратын келісімдер жасайтынын атап өтті.

Вэнс: Украинадағы қақтығысты реттеу бойынша жақын арада жақсы жаңалық болуы мүмкін

АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Америка әкімшілігі Украинадағы қақтығысты реттеу бағытында «айтарлықтай прогреске» қол жеткізгенін мәлімдеп, жақын апталарда бұл мәселе бойынша оң жаңалықтар болуы мүмкін екенін айтты. Бұл туралы ол NBC News телеарнасына берген сұхбатында жариялады.

Вэнстің айтуынша, Вашингтон мен Ақ үй бұл дағдарыстың әлі шешілмегеніне көңілі қалғанымен, бейбіт келісімге жақындап қалғандарына сенімді.

Менің ойымша, қандай жағдай болмасын, біз үлкен жетістіктерге жеттік. Бірақ мәре сызығына әлі жеткен жоқпыз. Алдағы бірнеше аптада жақсы жаңалықтар болады деп үміттенемін, - деді вице-президент.

Ол сондай-ақ АҚШ президенті Дональд Трамптың бұл соғысты дипломатиялық жолмен шешуге болатынын бірнеше рет айтқанын еске салды.

Біз бұл соғысты аяқтау ең оңай міндеттердің бірі болады деп сендік, - деді Вэнс.

Еске сала кетейік, 2 желтоқсанда Ресей президенті Владимир Путин Кремльде АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф пен Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнерді қабылдады. Тараптар Украинадағы реттеу мәселесін шамамен бес сағат бойы талқылады.

Трамп Газа жоспарының екінші кезеңін жарияламақ

АҚШ президенті Дональд Трамп Газа секторына арналған жоспарының екінші кезеңін 25 желтоқсанға дейін таныстыруды жоспарлап отыр.

Басылым мәліметінше, Трамптың бастамасы Газа секторындағы бейбітшілік процесін келесі фазаға өткізіп, анклавты басқарудың жаңа құрылымын енгізуді көздейді.

Бұған дейін, 17 қарашада БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі дауыс беру барысында АҚШ ұсынған, Газа аумағында бейбітшілік орнатуды қолдайтын қарар жобасын қабылдаған болатын. Дональд Трамп бұл шешімді тарихи қадам деп атап, әлем елдерін құттықтаған еді. Оның айтуынша, бұл жоба БҰҰ тарихына енетін маңызды бастама болмақ.

Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху да американдық бастаманы қолдап, оны аймақтағы тұрақтылыққа бағытталған қадам ретінде бағалады.

Eurovision байқауында дау шықты

Еуропалық хабар тарату одағы (EBU) мүшелерінің көпшілігі Израильдің 2026 жылғы "Eurovision" ән байқауына қатысуына қосымша дауыс беру қажет емес деп шешті.

Словения, Ирландия, Испания және Нидерланды қоғамдық телеарналары байқауға дейін Израильдің қатысуы Газа секторындағы әскери әрекеттерге байланысты болса, конкурстан шығуға мәжбүр болатынын ескерткен. Дауыс беруден кейін Ирландия, Испания және Нидерланды ресми түрде "Eurovision – 2026" байқауына бойкот жариялады.

Осылайша, Израиль байқауға қатыса алады, ал бірнеше еуропалық ел бұл шешімге қарсылық білдіріп, өз қатысуын тоқтатты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы