+20

Әлемде: АҚШ Иранға 2 аптадан кейін шабуылдауы мүмкін

BAQ.KZ тілшісі бір тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылады.

Дональд Трамп екі апта уақыт берді

АҚШ президенті Дональд Трамп алдағы екі апта ішінде Американың Иранға әскери соққы жасау-жасамауына қатысты шешім қабылдайды. Бұл туралы Ақ үйдің баспасөз хатшысы Каролин Левитт тұрақты брифинг барысында журналистерге мәлімдеді.

Левитттің айтуынша, Вашингтон Иранмен дипломатиялық жолмен мәмілеге келу мүмкіндігін әлі де көріп отыр.

Иранмен келіссөз жүргізудің елеулі мүмкіндігі болғандықтан, президент әрекет ету керек пе, жоқ па, осыны таразылап отыр, - деді Ақ үй өкілі.

Бұған дейін The Wall Street Journal басылымы Трамптың Иранға қатысты ұстанымы туралы жазған болатын. Басылымның мәліметінше, Трамп Иранға шабуыл жасау жоспарын жеке өзі мақұлдаған, алайда 17 маусым, сейсенбі күні кешке өзінің аға кеңесшілерімен өткен кеңес барысында ол бұл шешімді уақытша кейінге қалдыруды жөн көрген.

Президент бұл қадамды Иран билігі өзінің ядролық бағдарламасынан бас тартуға ниетті ме, жоқ па, соны анықтау мақсатында кейінге шегергенін түсіндірген. Сонымен қатар, Трамп "Иран туралы нақты не ойлайтынымды білмеймін" деп те мәлімдеген.

Саяси шолушылардың пайымдауынша, Ақ үй тарапынан Иранға әскери соққы жасау ықтималдығы Таяу Шығыстағы ахуалды күрделендіруі мүмкін. Дегенмен, Трамп әкімшілігі дипломатиялық арналарды сақтап қалуға да мүдделі екенін байқатып отыр.

Иран Израильге нақты шарт қойды

Иранның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі Жоғары Кеңесі 2025 жылғы 19 маусымда ресми мәлімдеме жасап, Израильге қарсы шабуылдардың жалғасатынын және олардың тек нақты шарттар орындалған жағдайда ғана тоқтайтынын мәлімдеді.

Кек алу жау жазаланғанға дейін және өтемақы төленгенге дейін жалғасады, – делінген құжатта.

Иран тарапы Израиль тарапынан өтемақы төленіп, жауапкершілік мойындалмайынша, әскери әрекеттер тоқтамайтынын нақтылады. Сонымен қатар, егер қақтығысқа үшінші тарап араласатын болса, Иран оған да қарсы қарулы қарсылық білдіретінін мәлімдеді.

Еске салсақ, 13 маусымда Израиль Иранға соққы жасап, ел аумағында төтенше жағдай жарияланған болатын. Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху бұл операцияның басты мақсаты Иранның ядролық инфрақұрылымын нысанаға алу екенін мәлімдеген еді.

Жауап ретінде Иран бірнеше рет зымырандық шабуылдар жасаған. Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуы халықаралық қауымдастықтың да назарында тұр.

Болгария еуро аймағына қабылданбақ

Еуроаймаққа мүше елдер Болгарияны еуро қолданатын елдер қауымдастығына қабылдауға ұсыныс жасады.

Мен Болгарияның еуроны қабылдау үшін барлық қажетті шарттарды орындағанын және осы арқылы 2026 жылы Еуроаймақтың 21-мүшесі болуға бір қадам жақындағанын жариялауға өте қуаныштымын, — деді Евротоп басшысы Паскаль Донохью Люксембургте өткен топ қатысушыларының отырысынан кейін Еуроодақ Кеңесінің сайтында жарияланған баспасөз хабарламасында.

Ұсынысқа сәйкес, Болгария еуроны 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізуі тиіс. 

Бұл — Болгарияның еуроаймаққа мүшелік алуына және келесі жылдан бастап еуроны ресми валюта ретінде қолдануға жол ашатын үдерістегі алғашқы қадам, — делінген баспасөз хабарламасында.

Аталған ұсынысты 20 маусым күні өтетін Экономика және қаржы жөніндегі ЕО Кеңесі (ЭКОФИН) мақұлдауы керек. Одан кейін ЕО Кеңесі ЭКОФИН төрағасының Еуропалық кеңеске жолдайтын ресми хатын бекітеді. Ал Еурокеңес бұл мәселені 26–27 маусым күндері өтетін отырысында талқылайды.

Қазіргі таңда Болгарияның ұлттық валютасы — болгар леві. 2025 жылдың басынан бастап Болгария Шенген аймағына толық мүше болды, алайда ол ЕО-дағы ең кедей елдердің бірі болып қалып отыр.

Балаларға қарсы зорлық-зомбылық рекордтық деңгейге жетті

Біріккен Ұлттар Ұйымы 2024 жылғы қарулы қақтығыстар кезінде балаларға қарсы жасалған зорлық-зомбылық фактілерінің рекордтық деңгейге жеткенін мәлімдеді. Бұл туралы БҰҰ-ның «Балалар мен қарулы қақтығыстар» атты жыл сайынғы баяндамасында айтылған.

Ұйымның деректеріне сүйенсек, 2024 жылы барлығы 41 370 ауыр құқықбұзушылық тіркелген. Оның 36 221-і биыл жасалған, ал 5 149 жағдай бұған дейін болғанымен, тек осы жылы ресми түрде расталған. Салыстырмалы түрде 2023 жылы 32 990 бұзушылық тіркелген болатын, оның 2 285-і өткен жылдары жасалып, кейін дәлелденген.

2024 жылы қарулы қақтығыстардағы балаларға қатысты зорлық-зомбылық бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. 2023 жылмен салыстырғанда елеулі бұзушылықтар саны 25%-ға өсті, - делінген БҰҰ баяндамасында.

Бұзушылықтар жиі тіркелген негізгі аймақтар ретінде Израиль, басып алынған Палестина аумақтары (әсіресе Газа секторы), Конго Демократиялық Республикасы, Сомали, Нигерия және Гаити аталды. Бұл елдерде балалар жиі қақтығыстардың тікелей құрбанына айналып, кейбірі қарулы құрылымдарға еріксіз тартылып жатқаны атап өтілді.

БҰҰ өкілдері халықаралық қауымдастықты балалардың қауіпсіздігін қорғауға, халықаралық құқық нормаларын сақтауға және қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуге шақырып отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы