Палестина мемлекеті тәуелсіздігін 1988 жылы жариялағаннан бері халықаралық аренада мойындалу үшін күресіп келеді. Бүгінде Біріккен Ұлттар Ұйымына (БҰҰ) мүше 193 мемлекеттің 160-ы Палестинаны дербес мемлекет ретінде таниды. Бұл – әлем елдерінің шамамен 81 пайызы. Қазақстанның Палестинаға қатысты саяси ұстанымы мен дипломатиясы қандай, сарапшының пікірін сұраған едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жақында өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында Франция, Люксембург, Мальта, Монако, Андорра, Сан-Марино және Бельгия Палестина мемлекетін ресми түрде таныды. Бұған дейін Канада, Австралия, Португалия және Ұлыбритания осындай шешім қабылдаған болатын. Сарапшы Жанат Момынқұловтың айтуынша, бұрын отарлаушы ел болған Еуропа елдерінің Палестинаны мойындауы ірі тарихи оқиға.
БҰҰ мерейтойы қарсаңында Газа-Израиль арасында дипломатиялық келіссөз алаңын ұсынған Қатар мемлекетіне жасалған шабуыл жағдайды шиеленістіріп, Израильге қатысты ақпараттық сын көбейді. Бұл оқиғалар әлемдік дағдарыс орын алып, БҰҰ ұйымын реформалау қажеттігі талқыланған тұста болды. Қазіргі таңда 150-160 мемлекет Палестинаны таныған (бұл шамамен әлемнің 75-80% пайызы). Газадағы гуманитарлық дағдарыс, халықаралық қысым, ақпараттық соғыстар, бейбіт келіссөздің дағдарысы жағдайында Батыс елдері Палестина жағына шықты. Жуырда БҰҰ-дағы дауыс беруде де бүкіл әлем бір жақ, ал АҚШ пен Израиль бір жақ болды. Әлбетте, бұл дипломатиялық жеңіс әділдік іздеген Палестина елінің дипломатиялық мәртебесі өсетінін білдіріп, елшіліктер, екіжақты келісімдерде, халықаралық ұйымдардағы қатысу мүмкіндіктерін арттырады. Десек те, БҰҰ-ға толық мүшелік жылдам келмейді, өйткені ол үшін Қауіпсіздік Кеңесінің ұсынымы қажет. Ал онда АҚШ вето құқығын қолдануы мүмкін, – дейді ол.
Оның айтуынша, палестиналық араптар үшін құқықтық мүмкіндіктер кеңейеді. Халықаралық соттарға құқықтық шағымдар түсіру ықтималдығы артады. Бірақ саяси кедергілері көп, күрделі күрес жолы болуы мүмкін.
Жергілікті әсеріне келсек, өмір сүру жағдайы, қауіпсіздік және блокада сияқты мәселелер бірден шешілмегенімен, гуманитарлық арналарды жеңілдетуі мүмкін. Десек те, қатып қалған жағдайды өзгерту үшін күшті халықаралық әрекет әрі қолдау қажет. Кері реакцияға келсек, Израиль мәселені күш тұрғысынан шешпек болып, әртүрлі сценарийлерге дайын болуы мүмкін. Мысалы, Батыс жағалауда, Иордания жазығында күш қолдану мен әскери бақылауды кеңейткен жағдайда, дағдарыс ушығуы мүмкін. Газа мен Жағалауды қауіпсіз буфер аймағын құру үшін қолдану жоспары талқылануда. Жағымды салдарлар мен сценарийлерге келсек, бұл сөзсіз символдық жетістік. Палестинаның легитимдігі артады, Израильге қысым күшейіп оқшаулануы мүмкін. Бірақ Газадағы жағдай көпке дейін үлкен бір өзгеріссіз қалуы мүмкін. Израильге саяси қысым артып, Еуропа мен араб-мұсылман елдері тіпті шектеу шараларына, эмбарголарға немесе бірлескен дипломатиялық қысымға баратын болса Палестина үшін жаңа кезең ашылуы мүмкін, – дейді сарапшы.
Екі ел арасындағы бұл мәселеде АҚШ сынды ірі алпауыттардың саяси ұстанымы ең маңызды рөл атқарады. Өзге де ірі елдер өзара халықаралық келісімге келу үшін дипломатиялық, экономикалық, құқықтық шешімдерді талқылауы керек. Бұл өз кезегінде Таяу Шығыста, мұсылман аймағында жаңа құқықтық түсініктің, геосаяси баланстың тууына әкелуі мүмкін.
Газа мен Батыс жағалауда да саяси консолидация болуы қажет. Хамасты тұтқындарды босатуға көндіріп, оны болашақ биліктен аластату, басқару-әкімшілік реформаларын жүргізу қажет. Палестинаны тану маңызды қадам, әрі жалпы халықаралық құқықты нығайту мүмкіндігіне қарамастан, ірі күштердің халықаралық келісімінсіз нақты нәтиже болмайды. Бірақ терең өзгеріс пен қауіпсіздікті сақтау үшін бұл мойындау жеткіліксіз. Израильге қысым жасау қажет. “Екі мемлекет” идеясын іске асыру үшін тұрақты әсерлер болуы үшін қосымша, үйлесімді халықаралық қолдаулар және палестиналықтардың жергілікті шаралары қажет. Дегенмен, геосаяси-идеологиялық қарсылық, мәдени және геосаяси тосқауылдар бұл үдерісті тежеуі мүмкін. Шынайы нәтиже тек мәлімдемелер емес, нақты саяси, экономикалық және құқықтық тетіктер іске қосылғанда болады, – деді Жанат Момынқұлов.
Қазақстанның Палестинаға қатысты саяси ұстанымы мен дипломатиясы қандай?
Қазақстан Республикасы 1992 жылы Палестина мемлекетін ресми түрде мойындап, содан бері Палестина халқының тәуелсіз мемлекет құруға, қауіпсіз өмір сүріп, өз тағдырын өзі айқындауға құқығын тұрақты қолдап келеді. Қазақстан БҰҰ қарарларына сүйене отырып, Палестинаның тәуелсіз мемлекет ретінде құрылуын қолдайды.
Қазақстан Палестина мемлекетінің 1967 жылғы шекаралар аясында құрылуы тиіс деп санайды. Қазақстан Палестина-Израиль қақтығысы тек дипломатиялық жолмен, халықаралық құқық нормаларына сәйкес шешілуі керек деген ұстанымда. Президент Тоқаевтың дипломатиясы да осы қағидаттар сүйенеді және ол халықаралық мінберлерде, БҰҰ Бас Ассамблеясында қақтығыстарды тек бейбіт келіссөздер арқылы шешу қажеттігін, “Екі мемлекет” қағидасын қолдайтынын, яғни Израиль мен Палестина бейбіт қатар өмір сүруі тиіс екенін, Ислам ынтымақтастығы ұйымы аясында палестиналықтардың заңды құқықтарын қорғауды жалғастыратынын бірнеше рет мәлімдеген. Жалпы, Қазақстан Таяу Шығыстағы қақтығыстың БҰҰ қарарлары және 2002 жылғы Араб бейбітшілік бастамасының негізінде Палестина халқының тәуелсіз мемлекет құру жөніндегі заңды құқықтарын қолдайды. Сондай-ақ, Қазақстан Палестина тарапына қажетті гуманитарлық көмек көрсеткен, – деді сарапшы.
Қазақстан Палестина мәселесінде халықаралық құқықты, әділдікті және бейбітшілікті басшылыққа алады. Тоқаевтың дипломатиялық бағыты аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз етуді, Палестина халқының заңды мемлекеттілік құқығын мойындауды және қақтығысты бейбіт жолмен шешуді көздейді.