Бүгiн 2026, 17:16 Фото: ©BAQ.KZ/жасанды интеллект

Әлем өзгерді, БҰҰ өзгермеді: Қазақстандық саясаттанушы ұйым дағдарысының себептерін атады 

Саясаттанушы Жанат Момынқұлов ұйым құрылымы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан күштер балансын бейнелейді, ал бүгінгі әлем мүлде өзгерген.

2026 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының жұмысына қатысты сын бұрынғыдан да күшейді. Әлем көшбасшылары, халықаралық сарапшылар және ұйымның өз басшылығы БҰҰ-ның қазіргі қақтығыстарды реттеудегі мүмкіндігі шектеулі екенін ашық айтып отыр. BAQ.KZ тілшісі осы тақырып аясында шағын шолу жасап, қазақстандық сарапшысының пікірін білді.  

Биыл бұл сындар нақты саяси мәлімдемелермен бекіді. Бразилия президенті Луис Инасиу Лула да Силва Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелерін жауапкершілікке шақырып, олардың жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өз міндетін толық орындамай отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі қақтығыстарды тоқтатудағы негізгі кедергі – ірі державалардың өзара келісімге келе алмауы.  

Сол сияқты халықаралық алаңдарда БҰҰ құрылымын реформалау мәселесі қайта көтерілді. Сарапшылардың айтуынша, Қауіпсіздік Кеңесінің қазіргі құрамы мен шешім қабылдау механизмі бүгінгі геосаяси жағдайға сәйкес келмейді. Әсіресе вето құқығы ұйымның тиімді жұмыс істеуіне кедергі келтіріп отыр. Бір ғана тұрақты мүше кез келген қарарды тоқтата алады, соның салдарынан Кеңес нақты шешім қабылдай алмай, саяси текетірес алаңына айналған.

БҰҰ-ның өз басшылығы да жағдайдың күрделі екенін жасырмайды. Бас хатшы Антониу Гутерриш халықаралық ынтымақтастық әлсіреп бара жатқанын айтып, әлемдік саясаттағы бөлінудің ұйым жұмысына тікелей әсер етіп отырғанын жеткізді. Оның сөзінше, дәл қазір мемлекеттер бірігуі тиіс кезеңде керісінше өзара алшақтау байқалады.

Ұйымның қаржылық жағдайы да алаңдатарлық. Сараптамалық деректерге сәйкес, БҰҰ қаржы тапшылығы мен донор елдердің қысымына тап болып отыр. Бұл гуманитарлық миссиялардың қысқаруына және кейбір бағдарламалардың әлсіреуіне әкелуі мүмкін. Сонымен қатар АҚШ тарапынан ұйымның басқару жүйесіне қатысты сын жиілеп, оны “тиімсіз бюрократиялық құрылым” деп бағалау да байқалады. БҰҰ-ның бейтараптығына қатысты да сұрақтар көбейді. Еуропалық елдердің кейбір өкілдері ұйымның арнайы баяндамашыларына қысым жасап, олардың қызметін сынға алды. Бұл жағдай халықаралық деңгейде БҰҰ-ға деген сенімнің төмендеуіне әсер етуде.

Жалпы сарапшылардың пікірінше, бүгінгі БҰҰ дағдарысы – тек ұйымның ішкі мәселесі емес, халықаралық жүйедегі терең өзгерістердің көрінісі. Ірі державалар арасындағы бәсекелестік күшейген сайын, ұйымның шешім қабылдау мүмкіндігі де шектеле береді.

Осы мәселеге қатысты саясаттанушы Жанат Момынқұлов Қауіпсіздік Кеңесінің тиімсіздігі бірнеше фактордың қабаттасуынан туындағанын айтады. Оның сөзінше, ұйым құрылымы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан күштер балансын бейнелейді, ал бүгінгі әлем мүлде өзгерген. Оның айтуынша, бұл жерде екі деңгейлі мәселе қабаттасып жатыр.

Бұл тұста меніңше екі деңгейлі мәселелер қабаттасып кеткен. Біріншіден, институционалдық мәселе бар. Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің құрылымы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан күштер балансын бейнелейді. Бірақ одан бері қазіргі әлем мүлде өзгеріп, жаңа державалар пайда болды, аймақтық ойыншылар күшейді, Американың үлесі азаюда. Соған қарамастан, Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелер құрамы өзгеріссіз қалды. 2 млрд мұсылман әлемі, 1,5 млрд Үндістан ол кеңестегі өкілдігі жоқ. Екіншіден, геосаяси тұрғыда ірі державалар, әсіресе Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері, өз ұлттық мүдделерін қорғау үшін механизмдерді, ең алдымен вето құқығын бір жақты, белсенді пайдаланады. Нәтижесінде Кеңес консенсус алаңы емес, геосаяси текетірес сахнасына айналып отыр. Сондықтан мәселе тек құрылымда емес, жүйе мен геосаясаттың өзара күшеюінде, – дейді сарапшы.

Саясаттанушы қазіргі жағдайда вето құқығының рөліне де ерекше тоқталды.

Иә, қазіргі жағдайда бұл өте орынды сұрақ. Бастапқыда вето механизмі соғысты болдырмау үшін ірі державалар арасындағы компромисс, баланс құралы ретінде енгізілген. Бірақ бүгінгі күні ол шешім қабылдау үрдісін тежейді, қақтығыстарды шешпейді, гуманитарлық дағдарыстарда әрекетсіздікке әкеледі, ірі державаларға “жауапкершілігі жоқ, зор ықпал” береді. Соңғы жылдардағы Сирия, Украина, Таяу Шығыс қақтығыстары Қауіпсіздік Кеңесінің ортақ шешімге келе алмағанын көрсетті. Сондықтан мәселе ветоның өзінде емес, оның қазіргі саяси қолданылуында, – дейді ол.

Сарапшы БҰҰ-ға қатысты сындарды Дональд Трамп ұстанымымен салыстыра отырып, айырмашылық бар екенін атап өтті.

Меніңше, мұнда айырмашылық бары өте маңызды. Трамптың сыны көбіне америкалық ұлттық мүдде тұрғысынан болды. Ол БҰҰ-ны тиімсіз құрылым ретінде қарастырып, оның рөлін қысқартуды ұсынды. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымы мүлде басқаша, ол көпжақты дипломатияны қолдайды, халықаралық құқықтың маңызын мойындайды, бірақ институттарды реформалау қажет екенін айтады. Яғни, Трамп “қысқарту”, ал Тоқаев “реформалау” туралы айтты. Бұл Қазақстанның сыртқы саясаты түбегейлі өзгеріп жатыр дегенді білдірмесе керек, керісінше икемделген, сергек дипломатияны көрсетеді, – дейді Жанат Момынқұлов.

Сарапшының пікірінше, БҰҰ әлсіреген жағдайда Қазақстан өз бағытын айқындап үлгерген.

Қазақстан екі қатарлас стратегияны ұстанып отыр. Біріншісі – нормативтік деңгейде Қазақстан БҰҰ Жарғысын, халықаралық құқықты және көпжақты жүйені негізге алып толық қолдайды. Екіншісі – практикалық деңгейде балама диалог алаңдарын дамытуға күш салады. Мысалы, Бейбітшілік кеңесі немесе басқа платформаларға да мүмкіндік береді. Қазақстан өзін “орта күш, аралық ойыншы” (middle power) ретінде көрсетіп жатыр. Астана келіссөз алаңдарын ұсынуда, аймақтық дипломатияны күшейтіп, бейтарап диалог кеңістігін қалыптастыруда. Мысалы: Астана процесі (Сирия бойынша), транскаспий-түркі интеграциясы, Еуразиялық көпжақты форматтар классикалық көпвекторлы саясаттың жаңа кезеңі, – деді ол.

Сондай-ақ саясаттанушы қазіргі халықаралық қатынастардағы жаңа трендке назар аударды.

Тоқаев неге “орта державалар” рөлін ерекше атап өтеді? Өйткені, бұл қазіргі халықаралық қатынастардағы маңызды тренд. Бүгінгі әлемде ірі державалар бәсекелестікте тұйықталған, ал шағын мемлекеттер ықпалы шектеулі. Ал орта державалар икемді, мәмілеге бейім, мүмкіндіктері бар, көпжақты дипломатияға мүдделі. Қазақстан дәл осы категорияға кіреді. Сондықтан жаңа парадигма қалыптасып жатыр: күш арқылы емес, платформа арқылы ықпал ету, – дейді сарапшы.

Жанат Момынқұлов Мемлекет басшысының мәлімдемесін нақты геосаяси бағалау ретінде қарастыру қажет екенін айтты.

Бұл жай ғана кәсіби сын емес, нақты геосаяси бағалау. БҰҰ дағдарысы институционалдық мәселеден гөрі, Қауіпсіздік Кеңесі реформасыз тиімді жұмыс істей алмайтынын көрсететін бүгінгі геосаяси шындық. Қазақстан қазіргі халықаралық жүйені бұзбай, оны өзгертуге шақырып отыр. Бұл позицияны бір сөзбен айтсақ, “реформаторлық көпжақтылық” деп атауға болады. Яғни, БҰҰ-дан бас тартпаймыз, қайта оны жаңа геосаяси ахуалға бейімдеу стратегиясы бар, – деп түйіндеді сарапшы.

Еске салсақ, Солтүстік Македония президенті Гордана Силяновска-Давкова БҰҰ мен ЕО соғыс алдында дәрменсіздік танытқанын айтты. Ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ өз жұмысында превентивті дипломатияға баса назар аудару керек деген пікіріне қолдау білдірді.