18 Қыркүйек 2026, 10:53 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Әлем елдері балаларға әлеуметтік желіні қалай шектеп жатыр? Қазақстанда қалай болмақ?

Бір мемлекет баланың жеке аккаунт ашуына мүлде рұқсат бермесе, енді бірі ата-ананың бақылауын міндеттейді.

Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіде жеке аккаунт ашуына шектеу қою мәселесі талқыланып жатыр. Мұндай талап әлемнің бірнеше елінде қазірдің өзінде енгізілген. Бір мемлекет баланың жеке аккаунт ашуына мүлде рұқсат бермесе, енді бірі ата-ананың бақылауын міндеттейді. Тағы бір елдер жаңа заңды әзірлеп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәселе Қазақстан үшін де өзекті. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қыркүйек айында 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіде жеке аккаунты болмауына қатысты заңнамалық өзгерістер әзірленгенін мәлімдеді. Бірақ министр бұл нормалардың әлі қабылданбағанын нақты айтты. Қазір ең үлкен сұрақтардың бірі – баланың жасын қалай анықтау және талаптың орындалуын қалай бақылау. 

Оқу-ағарту министрлігі Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесе отырып, балалардың әлеуметтік желіде аккаунт ашуға байланысты бірқатар нормаларды әзірледі. Оның ішінде 16 жасқа толмаған балалардың енді әлеуметтік желіде аккаунт жүргізбеуіне де қатысты. Бүгінгі таңда үлкен зерделеу жұмыстары жүргізілді. Қазір көбінесе балалар тұтынатын контенттің құқықтық, моральдық тұрғыдан, олардың әл-ауқатына байланысты кері әсер ететіндігі айқындалып отыр. Біріншіден, балалардың 16 жасқа дейін өз аккаунтары болмайды. Балалар әлеуметтік желідегі қысқа видеоларды қарап, олардың зейіні де өзгергенін көріп тұрмыз. Қазіргі таңда заңнамалық өзгерістерді әзірледік, Құрылтайдың отырыстарына енгіземіз. Бұл мәселені депутаттармен бірге талқылайтын боламыз, – деген еді Жұлдыз Сүлейменова. 

Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжанов да Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында тыйымды енгізудің нақты тетігін айқындауды ұсынды. Кейін ол BAQ.KZ тілшісіне заң жобасы қайта жұмысқа алынғанын және жұмыс тобы енді басталатынын айтты. Ал депутаттың ұстанымы: 

Қазақстан да осы бағытта нақты әрі тиімді модель қалыптастыруы қажет. Алайда заң қабылдаумен мәселе шешілмейді. Баланың жасын қалай анықтаймыз? Жеке деректерін кім және қалай қорғайды? Шектеуді айналып өтетін жалған аккаунттарға тосқауыл қалай қойылады? Ал білім алуға қажетті цифрлық платформаларға қолжетімділік қалай сақталады? Мемлекет басшысы да заң қабылдаумен қатар, оның нақты орындалу тетігін алдын ала ойластыру қажеттігін атап өтті. Біздің басты мақсатымыз – балалардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, - дейді ол. 

 Ал мұндай шектеу басқа елдерде қалай жұмыс істейді?

Бұл енді бір-екі елдің ғана бастамасы емес. Балалардың әлеуметтік желіге кіру жасын шектеу соңғы жылдары халықаралық үрдіске айналды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы – OECD 2026 жылғы сәуірде жариялаған дерегінде әлеуметтік желіге жас шегін енгізген, заң қабылдаған немесе оны белсенді түрде қарастырып жатқан ұйым мүшелері мен мүшелікке үміткер елдердің саны 25-ке жеткенін жазды. 2023 жылдың соңында мұндай бастама бір ғана мемлекетте қарастырылған.

Ең қызығы, мемлекеттердің басым бөлігі шекті 15 немесе 16 жас деп белгілеп отыр. Алайда OECD сәуірдегі есебінде сол кезде тек Аустралия, Бразилия және Индонезияда тиісті заңдардың күшіне енгенін, қалған елдердің басым бөлігінде мәселе әлі қаралып жатқанын атап өткен. Содан бері Малайзия да өз талаптарын іске қосты.

Аустралия: бала емес, платформа жауап береді

Бұл саладағы ең белгілі тәжірибе – Аустралия. 2025 жылғы 10 желтоқсаннан бастап Аустралияда 16 жасқа толмаған балалардың бірқатар әлеуметтік желіде жеке аккаунт ұстауына шектеу қойылды. Оған Facebook, Instagram, Snapchat, Threads, TikTok, Twitch, X, YouTube, Kick және Reddit сияқты ірі платформалар кіреді.

Маңыздысы – заң баланы немесе ата-ананы жазаламайды. Жауапкершілік әлеуметтік желі компанияларына жүктелген. Олар 16 жасқа толмағандардың жаңа аккаунт ашуына және бұрынғы аккаунттарын пайдалануына жол бермеу үшін жасын тексеретін тетіктерді енгізуге тиіс. Бірақ бұл баланы интернеттен толық ажырату деген сөз емес. Мысалы, кейбір ашық контентті аккаунтсыз көруге болады. Мессенджерлер, білім беру және бірқатар ойын сервистері де автоматты түрде әлеуметтік желі тыйымына кірмейді.

Заңның алғашқы нәтижесі де бар. Аустралияның eSafety комиссары 2026 жылғы қаңтарда әлеуметтік желілер 16 жасқа толмағандарға тиесілі деп анықталған шамамен 4,7 млн аккаунтқа қолжетімділікті тоқтатқанынхабарлады.

Бұл 4,7 млн бала деген сөз емес. Бір бала бірнеше аккаунт пайдалана алатынын ескеру қажет.

Индонезия бәрін емес, қауіпті платформаларды шектеді

Индонезия басқа жолды таңдады. 2026 жылғы 28 наурыздан бастап елде 16 жасқа толмаған балалардың тәуекелі жоғары деп танылған цифрлық платформалардағы аккаунттарын кезең-кезеңімен өшіру басталды. Яғни Индонезияда «16 жасқа дейін бүкіл әлеуметтік желі жабылды» деу дұрыс емес. Алғашқы кезеңге YouTube, TikTok, Facebook, Instagram, Threads, X, Bigo Live және Roblox сияқты сервистер енгізілді.

Елдің Байланыс және цифрлық технологиялар министрлігі бұл талаптың PP TUNAS деп аталатын балаларды цифрлық ортада қорғау жүйесі аясында енгізілгенін хабарлады. Платформалар пайдаланушының жасын анықтап, балаға қауіпі жоғары сервистерде 16 жасқа дейін жеке аккаунт ашуға жол бермеуі керек. Индонезия тәжірибесінің ерекшелігі де осында: мемлекет әлеуметтік желінің атауына ғана емес, оның балаға қаншалықты қауіпті екеніне қарайды.

Малайзия: жас құжатпен тексеріледі

Малайзияда 2026 жылғы 1 маусымнан бастап әлеуметтік желілерге қатысты жаңа талаптар күшіне енді. Лицензияланған әлеуметтік желілер 16 жасқа толмаған адамға жеке аккаунт ашуға немесе оны өз бетінше ұстауға мүмкіндік бермеуге тиіс. Мұндағы басты жаңалық – жасты тексеру. Жаңа аккаунт ашатын қолданушы MyKad жеке куәлігі, паспорт немесе басқа да ресми құжат арқылы өзінің жасын растауы қажет. Бұрыннан аккаунты бар пайдаланушыларды тексеру де кезең-кезеңімен жүргізіледі.

Малайзияның Байланыс министрлігі тамызда 16 жастан төмен адамдардың жеке әлеуметтік желі аккаунтын тіркей алмайтынын тағы растады. Дегенмен ел билігі мұны интернетті балаларға толық жабу емес, әлеуметтік желідегі жеке аккаунттарды реттеу деп түсіндіреді.

Бразилия тыйымның орнына ата-ана бақылауын таңдады

Бразилияның моделі Аустралиядан да, Малайзиядан да өзгеше. 2026 жылғы 17 наурыздан ECA Digital деп аталатын жаңа заң күшіне енді. Бірақ Бразилия 16 жасқа дейін әлеуметтік желіге толық тыйым салған жоқ. Заңның 24-бабында 16 жасқа дейінгі бала немесе жасөспірімнің әлеуметтік желідегі аккаунты ата-анасының немесе заңды өкілінің аккаунтына байланысты болуы тиіс деп жазылған. Сонымен қатар платформалар баланың жасын анықтау механизмдерін жетілдіріп, күмәнді жағдайда аккаунтқа қолжетімділікті тоқтата алады. Ата-ана баланың жасын дәлелдеп, бұл шешімге шағымдана алады. Сондықтан Бразилиядағы модельдің негізі – тыйым емес, ата-ана бақылауын күшейту және платформаның жауапкершілігін арттыру.

Ал тағы қай елдер 16 жас шегіне көшпек?

16 жас шегін енгізуге дайындалып жатқан мемлекеттердің қатары көбейіп келеді. Ұлыбритания үкіметі 2026 жылғы маусымда әлеуметтік желілерге 16 жасқа толмаған балаларға қызмет көрсетуге тыйым салатын жаңа тәртіп енгізетінін жариялады. Алғашқы нормативтік актілер 2026 жылдың соңына дейін Парламентке ұсынылуға тиіс. Үкімет жаңа режимді 2027 жылдың көктемінде іске қосуды жоспарлап отыр. WhatsApp пен Signal тәрізді жеке хат алмасуға арналған мессенджерлерді бұл тыйымға енгізу жоспарланбаған.

Испанияда кәмелетке толмағандарды цифрлық ортада қорғау туралы заң жобасы қаралып жатыр. Испания үкіметінің 9 қыркүйектегі ресми мәліметі бойынша, жоба әлеуметтік желіде өз бетінше тіркелудің төменгі жасын 16 жасқа көтеруді көздейді. Бірақ бұл норма әлі күшіне енген жоқ.

Канадада 2026 жылғы 10 маусымда Safe Social Media Act – Bill C-34 заң жобасы Парламентке енгізілді. Жоба 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіде аккаунт ұстауына шектеу қарастырады. Бірақ балалар үшін жеткілікті қауіпсіз жағдай жасағанын дәлелдеген платформаға ерекше тәртіп қолданылуы мүмкін. 18 қыркүйектегі жағдай бойынша заң жобасы Қауымдар палатасында екінші оқылым сатысында тұр.

Жаңа Зеландия да осы бағытқа көшіп жатыр. 24 тамызда үкімет 16 жасқа толмағандарды әлеуметтік желіден шектеуді көздейтін Online Safety Bill жобасын ұсынды. Жауапкершілік балаға немесе ата-анаға емес, технологиялық компанияға жүктелмек.

15 жас шегін таңдағандар да бар

Бүкіл мемлекет Аустралиядағы 16 жас шегін қайталап отырған жоқ. Мәселен, Грекия 15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіні шектеуді 2027 жылғы 1 қаңтардан бастауды жоспарлап отыр. Яғни бұл талап қазір жұмыс істеп тұрған жоқ. 

Біріккен Араб Әмірліктері 2026 жылғы маусымда жеке әлеуметтік желі аккаунтын ашудың төменгі жасын 15 жас деп бекітті. Алайда платформаларға жүйелерін өзгерту үшін 12 айлық өтпелі кезең берілген.

Түркияда да 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желі қызметін көрсетуді шектейтін заңнамалық өзгерістер енгізілген. Бірақ оны толық іске асыратын ережелер мен жас тексеру жүйесі әлі әзірленіп жатыр. Түркияның Отбасы және әлеуметтік қызметтер министрлігі бұл жүйеде e-Devlet пен өзге де жас тексеру тәсілдері қолданылуы мүмкін екенін мәлімдеген.

Еуроодақ та ортақ ереже ұсынды

Бұл тақырыптағы ең жаңа жаңалықтардың бірі 2026 жылғы 17 қыркүйекте шықты. Еурокомиссия EU KIDS Act жобасын ұсынды. Ол Еуроодақтың 27 мемлекетіне ортақ балалар қауіпсіздігі жүйесін құруға бағытталған. Ұсыныс бойынша 13 жасқа дейін кәдімгі әлеуметтік желі аккаунтын ашуға жол берілмейді. 13-14 жаста ата-ана басқаратын арнайы аккаунт болуы мүмкін. Ал жеке аккаунтты 15 жастан бастап ашу ұсынылған.

Сонымен бірге платформалар баланың жасына сай қауіпсіз орта құрғанын дәлелдеуге тиіс. Бірақ EU KIDS Act әзірге заң емес – оны Еуропарламент пен ЕО-ға мүше мемлекеттер қарауы қажет.

Әлемдік тәжірибеге қарағанда, заңда «16 жасқа дейін болмайды» деп жазу – жұмыстың ең жеңіл бөлігі 

Негізгі мәселе одан кейін басталады. Бала тіркелген кезде жасын өтірік көрсетсе не болады? Ата-анасының аккаунтын пайдаланса ше? VPN арқылы кірсе қалай анықталады? Жасын тексеру үшін жеке куәлік немесе баланың бет-әлпетін тану технологиясы қолданылса, оның деректері қайда сақталады?

Елдер бұл сұраққа әртүрлі жауап беріп отыр.

Аустралия жауапкершілікті платформаның өзіне жүктейді. Малайзия ресми құжат арқылы жас тексеруге басымдық береді. Индонезия платформаларды тәуекел деңгейіне бөледі. Бразилия ата-аналық бақылауға сүйенеді.

Сондықтан Қазақстандағы талқылауда да мәселе тек «тыйым салу немесе салмау» төңірегінде қалмайды. Заң қабылданса, оның жас тексеру жүйесі, баланың жеке дерегін қорғау, жалған аккаунттарды анықтау және білім беру платформаларына қолжетімділікті сақтау тетігі қатар шешілуі керек. Жоғарыда айтқанымыздай, Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжанның депутаттық сауалында да дәл осы мәселелер көтерілген: баланың жасын қалай анықтау, оның жеке және цифрлық деректерін қалай қорғау және шектеуді айналып өтетін аккаунттарға қалай тосқауыл қою қажеттігі айтылған.

Ал әлемдік тәжірибе бір нәрсені көрсетеді: ортақ бағыт болғанымен, әзірге бәріне бірдей жұмыс істейтін дайын модель жоқ. Бір мемлекет 16 жасты, екіншісі 15 жасты шек етіп отыр. Бірі баланы платформадан шектейді, бірі ата-ананы бақылау жүйесіне қосады. 

Еске сала кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне заң жүзінде тыйым салу жөніндегі Үкімет бастамасын қолдады. Бұл туралы Мемлекет басшысы бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясында айтты.