Бүгiн 2026, 13:44 Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Президент алдағы екі жылда елімізде 200-ден астам өндіріс орны іске қосылатынын айтты

Белгілі болғандай, 2023-2025 жылдары 540 индустриялық жоба жүзеге асып, 50 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны құрылды.

Қазақстанда өнеркәсіп саласы қарқынды дамып келеді. Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары жүзеге асқан индустриялық жобалардың нәтижесін қорытындылап, алдағы екі жылда іске қосылатын жаңа өндіріс орындары мен кәсіпкерлікті қолдау шаралары туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, елімізде көлік, тұрмыстық техникалар, жүк вагондарын, құрылыс материалдарын және басқа да сапалы өнімдер шығаратын заманауи зауыттар ашылып жатыр.

Тек 2023-2025 жылдардың ішінде 540 индустриялық жоба жүзеге асырылды. Олардың жалпы құны 3,7 триллион теңге болды. Алдағы екі жылда тағы 200-ден астам өндіріс орны іске қосылмақ. Осы мақсатқа шамамен 3 триллион теңге инвестиция тартылады. Бұл – қазынаға түсетін салық көлемі артады, өндіріске озық технологиялар енгізіледі және ең бастысы, жаңа жұмыс орындары ашылады деген сөз. Іске қосылған жобалардың арқасында қазірдің өзінде 50 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны пайда болды. Қалған жобалар жүзеге асқан соң тағы 20 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент мемлекет отандық кәсіпкерлерді қолдауға баса мән беріп жатқанына тоқталды. Осы мақсатқа қомақты қаржы бөлініп жатыр.

Жалпы, Қазақстандағы жұмысқа жарамды азаматтардың жартысына жуығы табысын шағын және орта бизнестен тауып отыр. Соңғы бес жылда осы секторда еңбек ететін адам саны 4,5 миллионға жетті. Жалпы ішкі өнімнің 40 пайыздан астамы шағын және орта бизнес саласына тиесілі. Мұны рекордтық көрсеткіш деп айтуға толық негіз бар. Былтыр «Бәйтерек» холдингі арқылы кәсіпкерлерге 8 триллион теңге көлемінде қолдау көрсетілді, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Еске салсақ, бұған дейін Мемлекет басшысы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі ел тарихында алғаш рет 300 миллиард доллардан асқанын айтты. Президенттің сөзінше, оның жан басына шаққандағы үлесі 15 мың доллардан асып, 2019 жылдан бері бір жарым есе артты.