19 Қазан 2026, 11:38 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

«Альби» ломбардтары заңсыз қарыз берген: Күдіктінің 21 пәтері мен қонақүйі тәркілене ме?

Алматы және Түркістан облыстарында жұмыс істеген ломбардтар заңдағы шектен алты есе жоғары өсіммен қарыз берген. Іс сотқа жолданды.

Қаржылық мониторинг агенттігі «Альби» ломбардтар желісінің заңсыз қызметін тоқтатты. Тергеу дерегінше, компания заңда белгіленген мөлшерлемеден алты есе жоғары өсіммен қарыз беріп, қылмыстық жолмен 146 миллион теңгеден астам табыс тапқан.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті «Альби» ломбардтар желісінің заңсыз қызметіне қатысты қылмыстық істі тергеп, оны сотқа жолдады.

Тергеу мәліметінше, бұған дейін «Альби-Ломбард» ЖШС микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың тізілімінен шығарылып, ломбард қызметін жүргізу құқығынан айырылған. Алайда компания атауын «Альби-КМ» ЖШС деп өзгерткеннен кейін де заңсыз қызметін жалғастырған.

Атап айтқанда, Алматы және Түркістан облыстарында зергерлік бұйымдарды кепілге алып, азаматтарға қарыз берген.

Қарызды күніне 2 пайыздық өсіммен берген

Ломбардтар негізінен базарлар мен сауда үйлерінің маңында орналасқан. Клиенттерді тарту үшін кепілге қойылған мүліктің жоғары бағаланатынын және қарыз алудың несие тарихына әсер етпейтінін айтып, жарнама таратқан.

Қарыздар күніне 2 пайыздық өсіммен берілген. Бұл заңда белгіленген 0,3 пайыздық шекті мөлшерлемеден алты есе жоғары.

Қарыз беру шарттары бұрынғы «Альби-Ломбард» ЖШС-нің мөрлері басылған кепіл билеттері арқылы рәсімделген. Ал ақшалай есеп айырысу қолма-қол ақшамен және күдіктілердің бақылауындағы жеке кәсіпкерлердің банк шоттары арқылы жүргізілген.

Тергеу нәтижесінде қылмыстық жолмен түскен табыс көлемі 146 миллион теңгеден асқаны анықталған.

Күдіктінің 21 пәтері мен өзге де мүлкіне тыйым салынды

Іс бойынша күдікті әйелге қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.

Соттың рұқсатымен оның мүлкіне, соның ішінде 21 пәтеріне, 5 жер теліміне, 7 автокөлігіне, 7 гаражына, 2 дүкені мен қонақүйіне тыйым салынған.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.

ҚМА мәліметінше, өзге ақпарат Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.