Бүгiн 2026, 12:01 Фото: alatau.city

Alatau City-дегі салық жеңілдігі қайтарылып алынуы мүмкін – вице-министр

Үкімет инвесторларға берілетін барлық преференцияны цифрлық форматта жариялап отыруды және міндеттемесін орындамаған бизнеске салықтық жеңілдікті тоқтатуды жоспарлап отыр.

Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков Үкіметте өткен Мемлекет басшысының Alatau City жобасына қатысты тапсырмаларын іске асыру жөніндегі баспасөз конференциясында Алатау қаласында инвесторларға берілетін салықтық жеңілдіктердің тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, салықтық жеңілдіктер Алатау қаласында жұмыс істейтін барлық компанияға емес, тек стратегиялық құжаттарда белгіленген басым бағыттар бойынша қызмет ететін инвестор-резиденттерге ғана беріледі.

Вице-министрдің сөзінше, барлық преференция толықтай цифрлық форматта жарияланып отырады. Соның арқасында кез келген азамат қай жобаға қандай жеңілдік берілгені туралы ақпаратқа қол жеткізе алады. Ол мұны ашықтықты қамтамасыз етудегі маңызды қадам деп атады.

Бауыржан Омарбеков сондай-ақ барлық салықтық жеңілдіктер бизнес-лицензияда нақты көрсетілетінін айтты. Оның сөзінше, бизнес өзіне алған инвестициялық міндеттемелерді де сол құжатта бекітеді.

Екіншіден, барлық берілген жеңілдіктер – преференциялар цифрлық форматта толығымен жарияланып отырады. Яғни кез келген азамат қай жобаға қандай жеңілдік берілгені бойынша толық ақпаратқа қол жеткізе алады. Ашықтық тұрғысынан өте маңызды деп ойлаймыз, – деді вице-министр.

Сондай-ақ ол салықтық префенциялар қандай жағдайда алынып тасталуы немесе тоқтатылуы мүмкіндігіне тоқталды.

Өте маңызды берілген салықтық жеңілдіктердің барлығы бизнес-лицензияда көрініс табады. Яғни бизнес-лицензияда салықтық жеңілдікті көрсеткенмен бизнес үшін өзіне алған инвестицияны көрсете алады. Егер өзіне алған инвестициялар көлемі немесе инновациялық технологиялар, жұмыс орнына қатысты жалпы алған міндеттемелерді орындамаған жағдайда сол салықтық преференциялар тоқтатылуы немесе мүлдем алынып тасталуы мүмкін, – деп атап өтті Бауыржан Омарбеков.

Ол бұл тетіктерді әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибе, соның ішінде Дубай мен Шэньчжэнь үлгілері негізге алынғанын айтты.

Еске салайық, бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Alatau City туралы ауқымды жоспарды жариялады.