Бүгiн 2026, 12:54 Фото: gov.kz

Alatau City-де аэротакси қашан іске қосылатыны айтылды

Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асады, ал алғашқы сынақ ұшулары өтіп қойған.

Alatau City-де аэротаксидің сынақ ұшулары сәтті өтті. Алайда жобаны толық іске қосу үшін техникалық сынақтарды аяқтап, пайдалану ережелерін әзірлеу қажет. Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз конференциясында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Журналистердің аэротакси жобасының алдағы жоспары туралы сұрағына жауап берген Бозымбаев алғашқы сынақтар мұндай ұшулардың техникалық тұрғыдан мүмкін екенін көрсеткенін айтты.

Ұшулар сәтті өтті. Онда аэротакси де, түрлі азық-түлік жеткізу қызметі де болды. Ендігі кезекте ең алдымен техникалық сынақтарды аяқтау қажет, – деді Қанат Бозымбаев.

Оның айтуынша, Alatau City эксперименттік құқықтық режимдер енгізілетін аумақ ретінде қарастырылып отыр. Бұл режимдер төмен биіктіктегі әуе экономикасына да қатысты болуы мүмкін.

Бізге нормативтік және техникалық база дайындау қажет. Яғни пайдалану ережелері, қону алаңдарына қойылатын талаптар, қауіпсіздік пен сертификаттау стандарттары әзірленуі керек. Қазір мұның бәрі әлемде енді ғана қалыптасып жатыр, – деді Премьер-министрдің орынбасары.

Бозымбаев аэротаксиді іске қосу мәселесі қауіпсіздікпен тікелей байланысты екенін атап өтті. Жоба тұрғындарға қолжетімді болмас бұрын әртүрлі маршруттар, ауа райы жағдайы мен маусымдық ерекшеліктер толық тексерілуі тиіс.

Маршрут өте көп болады. Олар тау кластерімен, Алматы әуежайымен, Алматы вокзалымен, Қапшағай су қоймасымен және басқа бағыттармен байланыстырылады. Мұның бәрін сынақтан өткізу қажет. Төрт мезгіл де өтуі керек, себебі бұл – қауіпсіздік мәселесі, – деді ол.

Сондай-ақ Бозымбаев Қазақстан халықаралық тәжірибені зерттеп жатқанын айтты. Оның сөзінше, жобаға АҚШ пен Қытайдың жетекші компанияларының мамандары тартылған.

Шанхайда, АҚШ-та мұндай тәжірибе бар, ол жұмыс істеп тұр. Біз қазір мамандарды тартып, бірге жұмыс істеп жатырмыз. Бұл – Қытайдың AutoFlight және АҚШ-тың Joby компаниялары. Барлығы жеке инвесторлар, мемлекет жобаға қаржы салмайды, – деді Бозымбаев.

Оның айтуынша, Үкімет үшін басты басымдық – жаңа технологияларды іске қосу кезінде адамдардың, жүктің және қала инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Біз үшін ең маңыздысы – нақты ережелердің болуы және адамдарға да, тауар мен жүкке де ешқандай қауіп төнбеуі, – дейді вице-премьер.

Еске салайық, бұған дейін Alatau City-де eVTOL аэротаксиінің – тік көтеріліп-қона алатын электрлі ұшу аппаратының алғашқы демонстрациялық ұшуы өткен болатын. Осылайша Қазақстан өңірде алғаш рет қалалық әуе мобильдігінің толық экожүйесін таныстырған ел атанды.