«Ала сөмкеге кіріп, киімін ауыстырған»: Павлодарда жол үстінде видео түсірген бойжеткен жауапқа тартылды
Саудада ұят жоқ дегенмен, қауіпсіздік басты орында.
Павлодарда жаяу жүргіншілер өткелінде ала сөмкеге кіріп "киімін ауыстырған" бойжеткен жауапқа тартылды.
Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында полиция қызметкерлері қыздың жаяу жүргіншілер өткелінде тұрып киімнің жарнамалық бейнеролигін түсіріп жатқан видеосын анықтады.
Анықталғандай, 19 шілде күні Павлодар қаласындағы Қайырбаев көшесінде бойжеткен жаяу жүргіншілер өткелінде киімнің жарнамалық бейнеролигін түсіріп, кейін оны Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасына жариялаған. Құқық бұзушының жеке басы анықталды. Ол жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысының өзге де қатысушыларының Жол қозғалысы қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлады Павлодар облысы ПД баспасөз қызметі.
Полиция еске салады: Жолдың жүру бөлігінде және жаяу жүргіншілер өткелінде бейнеролик түсіру түсірілімге қатысушының өз өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ жол қозғалысының басқа қатысушыларына нақты қауіп төндіруі мүмкін. Жаяу жүргіншілер өткелі – жарнамалық түсірілім жүргізетін орын емес. Жол қозғалысы қағидаларының кез келген бұзылуы заңда көзделген жауапкершілікке әкеп соғады.
Еске салайық, бұған дейін Семейде жолаушыны көлігінің капотына отырғызып алған жүргізуші жауапқа тартылды.