Ақшаны ақылмен жұмсаңыз немесе күнделікті бюджет дегеніміз не?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қаржылық сауаттылық пен сіздің әл-ауқатыңыздың негізі - сауатты жасалған қаржылық жоспар. 

Күнделікті шығындарымызды талдап көрейік. Біз кішігірім шығындарды жиі байқамаймыз, таңертең кофеханадағы кофе, такси, түскі асқа дәмді десерт, достарымен жоспарланбаған кездесулер және тағы басқалар. Оларға кеткен ақшаға мән бермейміз, тіпті санап та жатпаймыз. Бірақ теңге тиыннан құралады емес пе?! 

Fingramota.kz сайтымен бірге күнделікті бюджет дегеніміз не және ол не үшін қажет соны қарастырып көрейік. 

Күнделікті бюджет және оны қалай жүргізу керек 

Ай сайын бәріміз белгілі бір табыс аламыз, бұл – жалақы, зейнетақы, стипендия және депозитте жатқан ақшадағы пайыздар. Алайда, бұл таза табыс емес. 

Коммуналдық қызметтерге ақы төлеу, пәтер ақасы, тамақ, дәрі-дәрмек сатып алу, көлік шығындары, несие төлеу сияқты міндетті шығындар бар. 

Сіздің таза табысыңыз қандай екенін түсіну үшін ай сайынғы кірістеріңізден міндетті шығындарды шегеру керек. Содан кейін таза кірісті 30 не 31 күнге бөлесіз. Осылайша сіз күнделікті лимиттің қандай екенін және күніне қанша ақша жұмсай алатындығыңызды біле аласыз. 

Мысалы: сіздің жалақыңыз 150 000 теңге, ал міндетті шығыстарыңыз 100 000 теңге. Таза табыс: 50 000 теңге. 10 000 теңгені керек болып қалар-ау деген оймен тығып қоямыз(сіздің кепілдік қорыңыз деуге де болады), қалған 40 000 теңгені бір айдағы күндер санына бөлеміз. Нәтижесінде «бір күнге» арналған бюджет 1 333 теңге болады.
Егер сіз барлық сатып алуларыңызды төлем картасының көмегімен жасасаңыз, онда шығындарыңызды онлайн немесе мобильді банкингтен қарап, бақылап отыруға болады. Банктердің көптеген қосымшасында қанша жұмсағаныңыз туралы (апта, бір ай, үш ай және т.б.) үзінді көшірмені ұсынады. Оның көмегімен сіз не үшін ақша жұмсағаныңызды түсініп, жоспарланбаған шығындарды азайта аласыз. 

Егер сіз қолма-қол ақшамен төлесеңіз, онда күнделікті бюджет кестесін жүргізіңіз. Бір күндегі барлық шығындарыңызды жазып отырыңыз. Есіңізде болсын, сіз күнделікті лимиттен аспауыңыз керек. Егер сіз минусқа шықсаңыз, жоспарланған нәтижеге жетпейінше ақша жұмсамаңыз немесе айдың соңына дейін қалған күндерге күнделікті бюджетті қысқартыңыз. 

Эмоционалды сатып алулар жасамаңыз 

Израиль-америкалық психолог және экономика саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Даниэль Канеманның айтуынша адамдар ойлаудың екі жүйесін қолданады: жылдам, инстинктивті, эмоционалды және баяу, ойластырылған, рационалды. 

  Біз көбінесе сатып алуларды эмоционалды, стихиялы түрде жасаймыз. Егер сізге бірдеңе ұнаған болса немесе «қызыл» «sale» бағаны көрген болсаңыз, оны дәл сол жерде сатып алу керек болып тұрады.

Ойланбастан немесе жарнамаға қызығып сатып алмау үшін не істеу керек? 

1.       «Кейінге қалдыру» әдісін қолданыңыз. Сізге қатты ұнап тұрған тауарды мұқият қараңыз, ұстап көріңіз, тіпті киіп көріңіз, бірақ бірден сатып алмаңыз. Бұл маған тура қазір қажет пе, киім болса қандай киіммен киемін, ол киіммен үйлесе ме, әлде үйге зат алсаңыз да интерьерге үйлесе ме, түсі, көлемі келе ме, осының барлығын ойластырыңыз. Асықпаңыз, бір сағат не болмаса бір күн ойлансаңыз да болады. Сол кезде бұл зат шынымен сізге тап қазір қажет пе, жоқ па соны түсінесіз.
2.       Қажет азық-түліктің және заттардың тізімін жасап үйреніңіз. Бұл дегеніңіз эмоцияға беріліп, қажетсіз зат сатып алмауға көмектеседі. Бірақ кей кезде тізімнен бөлек 2 немесе 3 зат алуға рұқсат. Өйткені, кейде қызықты ұсыныстар немесе жай ғана біздің «импульсивті тілектеріміз» болады емес пе?! Ол кезде бірінші қағиданы еске түсіріңіз, сондай-аұ бұл күнделікті жұмсайтын сомаға қатты әсер ете ме, жоқ па оны да ойластырыңыз.
3.       Аш қарындай дүкенге бармаңыз. Статистикаға сәйкес, қарныңыз ашып тұрып дүкенге барсаңыз, қажет-қажет емес азық-түліктің барлығын алып аласыз. Сонымен қатар сатып алынған барлық азық-түлікті тауыса да алмауыңыз мүмкін, ал оның 1-2 күннен кейін қолдану мерзімі де өтіп кетеді, бұл дегеніміз қажетсіз шығын, ақшаны желге шашып жібергенмен бірдей.
4.       Дүкенге кіре бірінші сөредегі затты ала салмаңыз. Асықпай төменгі және жоғарғы сөрелерді де қарап шығыңыз. Әдетте дүкенде сөренің көрінетін жеріне бағасы да қымбат, сатуға тиімді тауарларын қойып қояды. Сіз іздеген тауар басқа сөреде де тұруы мүмкін және оның бағасы да арзанырақ болуы мүмкін.
5.       Бағаларды салыстырыңыз. Жеңілдіктер мен акциялар әрдайым бола бермейді. Баға белгілерін мұқият оқып шығыңыз. Штрих кодымен де асықпай салыстырып шығыңыз. Кейде көтерме баға үлкен сандармен, ал бөлшек сауда бағасы шағын әріптермен жазылады.
6.       Көлік шығындарын оңтайландырыңыз. Бір-екі аялдама болса жаяу да жүре салыңыз. Денсаулыққа да пайдалы. Таксиді мүмкіндігінше аз пайдаланыңыз. 

Күнделікті бюджет қағидасынан ауытқымауға тырысыңыз. Осының арқасында бірнеше айдан кейін сіз шығындарыңызды бақылап, қандай шығындарды үнемдей алатындығыңызды түсінесіз.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы