Әкімшілік жазамен құтылмай ма? Рахат Тұрлыхановтың ісінде жаңа дерек пайда болды
Әншіге қатысты іс қылмыстық әрекет белгілерінің бар-жоғын тексеру үшін прокурорға және сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына жолданды.
Әнші Рахат Тұрлыхановтың ісі прокуратураға жолданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотында қазақстандық әнші Рахат Тұрлыхановқа қатысты іс қаралды.
Сот мәліметінше, ер адам үйінде бола тұра, жұбайымен жанжал шығарған. Жанжал барысында оны қорлап, қорқытып, айқайлаған және үйдегі тыныштықты бұзған.
Сот қаулысымен іс материалдары Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 742-бабына сәйкес, жәбірленушінің құқық қорғау органдарына жүгінген кезде дене жарақатын келтіру туралы бастапқы арызын ескере отырып, қылмыстық жазаланатын әрекет белгілерінің бар-жоғын тексеру үшін прокурорға және сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына жолданды, - деп хабарлады Алматы сотының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, 2024 жылдың қаңтарында Тұрлыханов әйеліне қол көтергені үшін 10 күнге қамауға алынған болатын.
Кейінірек Тұрлыханов жұбайымен бірге видеоүндеу жазды. Онда әншінің жары жұртшылықты алаңдауға негіз жоқ екеніне сендірді.
Сондай-ақ, әнші Рахат Тұрлыханов қайтадан әйелін ұрды деген күдікпен полицияға жеткізілді.