Әкімдік Жетібайда аштық жариялаған тұрғындарға жауап берді

Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Жетібай ауылында 27 наурызда басталған 50-ге жуық адамның наразылық шарасы әлі жалғасып жатыр. Осы оқиғаға қатысты Қарақия ауданының әкімдігі түсінік берді, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

29 наурыздан бастап «Е-otinish» порталы арқылы аштық жариялау түріндегі наразылық акциясына барлығы 13 өтініш түсті.

Қазіргі уақытта өтініштер уәкілетті мемлекеттік органдарда қаралып жатыр.

Айта кетейік, тамақтан бас тарту арқылы акция өткізу қолданыстағы заңнамамен реттелмейді.

Өз кезегінде Қарақия ауданының әкімдігі облыс әкімдігінің басқармалары, аудан прокуратурасы және басқа да мүдделі органдармен бірлесіп, наразылық білдірген жұмыссыздарға түсіндіру жұмысын жалғастырып жатыр.

Ең алдымен, Қарақия ауданының әкімдігі барлық жұмыссыздың бірден мұнай саласында жұмыс істеуі мүмкін еместігіне, жұмыссыздар әкімдік ұсынған жұмыс орындарынан бас тартатынына назар аудартқысы келеді.

Сондай-ақ «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-нан бос жұмыс орындарын бөлуде жұмыссыздар тарапы «70-те 30», яғни Жетібай кентінің тұрғындары 70 пайызына, ал қалған 30 пайызы Қарақия ауданының басқа ауылдарындағы және облыстың басқа аудандарындағы жұмыссыздарға беру талабы қойылған. Қойылған талапты басқа ауыл, аудан тұрғындарына негізсіз деп санаймыз. Бұл ретте Қарақия ауданының Құрық ауылы мен Маңғыстау облысының жұмыссыз тұрғындары бос жұмыс орындарын бөлуде әділеттілікті талап етіп отыр. Қазіргі уақытта наразылық білдірушілер мемлекеттік органдардың түсіндіріп жатқан айқын және объективті фактілерін қабылдаудан бас тартты. Жиналғандар «мұнай саласында жұмыс істеймін» дегендердің барлығын бірден жұмысқа орналастыру мүмкін емес, басқа салаларға жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін пайдалану қажет деген шындықты қабылдауы қажет. Барлық мәселе конструктивті диалог арқылы, қолданыстағы заңнама аясында шешілуі тиіс, - деп мәлімдеді аудан әкімдігі.

Сонымен қатар Қарақия ауданының әкімдігі наразылық білдірушілерге заңсыз әрекет жасаған жағдайда заңда белгіленген жауапкершілік бар екенін ескертті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Жазира Қуанышбекқызы
Өзгелердің жаңалығы